«Садақа – мансап қуалау құралы емес» – Перизат Қайрат ісі бойынша тараптардың жарыссөзі басталды

Перизат Қайрат ісі бойынша тараптардың жарыссөзі басталды. Сотта мемлекеттік айыптаушы Мадина Оразалина сөз сөйледі.
Астана, NEGE. Ол өз сөзінде айыптаушы тараптың негізгі ұстанымын жеткізді. Ол: «қайырымдылық – жеке бас мүддесін жасыру құралы болмауы тиіс», деді.
«Бұл – жай ғана алаяқтық емес. Мұнда аманат, адалдық, қайырымдылық сынды қасиетті ұғымдарға сатқындық жасалып тұр. Перизат Қайрат науқас балаларға, тасқыннан зардап шеккендерге, Палестина халқына көмек беремін деп уәде етті. Бұл көмекті көрсету үшін оның бар мүмкіндігі болды, халықтың қолдауы да болды. Бірақ ол сол игі ниеттерді жеке пайдасына айналдырды. Енді қайырымдылықты бетперде етіп, жеке пайда көздегісі келетін әр адам халық үнсіз қалмайтынын, мемлекет бұдан былай көз жұмбайтынын, ал сенім – мәңгі емес екенін білуі тиіс. Нағыз жанашырлық пен өзгенің қайғысын саудаға салудың арасы ажыратылуы керек. Біз бұны ашық айтамыз. Садақа – мансап құру құралы емес», – деді прокурор сот отырысында.
Оразалинаның айтуынша, бұл іс әлеуметтік тақырыптарды жеке пайда үшін пайдаланатындарға сабақ болуы тиіс.
«Егер біреу қазақ халқының мейірімділігін пайдаланып, тағы да «қайырымдылықты» желеу етіп, пайда тапқысы келсе, заң алдында жауап беретінін білсін. Бұл процесс – сабақ болсын, белгі болсын. Халықтың сенімі – ақша толы әмиян да, бренд те емес. Халықтың сенімі – аманат. Ал аманатқа қиянат жасаған адам – түбінде әшкереленеді. Бізде нағыз меценаттар да бар. Олар камерасыз, үнсіз көмек береді», – деді прокурор.