29 Мамыр 17:48
...

«Сабақ үстінде буындырған» – Түркістан облысында 12 жастағы оқушыны сыныптасы өлтірді деген күдікке ілінді

Буллинг
Фото: ғаламтардан

Түркістан облысында 12 жастағы мектеп оқушысы сабақ үстінде көз жұмды.

Алматы, NEGE. 12 жастағы Ұлағат Саидулланы сыныптасы телефонға талас кезінде буындырып тастаған. Қайғылы оқиға сабақ үстінде, сынып қараусыз қалған сәтте болған.

Сынып жетекшісі мектепте болмаған, ал кезекші мұғалім айғай-шуды естісе де, есікті жауып кеткен.

Оқиғадан кейін мектеп директоры мен тағы бес қызметкер жұмыстан босатылды, алайда олар еңбек инспекциясына шағымданып, қызметтеріне қайта оралуға әрекет жасап жатыр.

Полиция әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Түркістан облысында сабақ кезінде қаза тапқан 12 жастағы Ұлағат есімді баланың анасы оның өлімін болдырмауға болар еді деп есептейді.

«Мұғалім есікті ашқан, бірақ балалардың бірі «бала есінен танып қалды» деген соң, мән бермей кетіп қалған. Егер сол сәтте көмек көрсетілгенде, менің ұлым тірі болар еді», – дейді марқұмның анасы.

Ата-анасы соттың шешіміне де наразы. Оқиғаға қатысты негізгі күдікті – жәбірленушінің сыныптасы – 12 жасқа толмаған болғандықтан, заң бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Ал оның ата-анасына айыппұл салынған.

«Баламның өмірі үшін ешкім жауап бермеді. Мен бұл жазаны әділ деп есептемеймін», – деді марқұмның анасы.

Қазіргі уақытта білім басқармасы ішкі қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр.