28 Мамыр 00:17
...

Руслан Берденовке жасалған қастандық: Күдіктінің әйелі мәлімдеме жасады

Руслан Берденов
Фото: gov.kz

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасады деген күдіктінің жұбайы Луиза Алданова алғаш рет мәлімдеме жасады.

Алматы, NEGE. Ол оқиғаның бұған дейін тараған себептеріне қатысты қауесеттерді жоққа шығарды.

Кейбір болжамдарға сәйкес, шабуылдың себебі — кек алу болған. Руслан Берденов күдіктінің әйелі Луиза Алдановаға тиісті деген ақпарат тараған, ал оның күйеуі әйелінің ар-намысын қорғау мақсатында шенеунікке оқ атқан. Алайда Алданова бұл айтылғандарды негізсіз екенін мәлімдеді.

«Мен бұл жағдайға қандай да бір қатысым бар деген бастапқыда тараған барлық қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анамнан алған тәрбием мен бойымдағы сенім мені ешқашан арсыздық жолына түсірмейді», — деді ол.

Оның айтуынша, бұл жағдай бүкіл отбасына ауыр соққы болған.

«Біз әр минут, әр сағат, әр күн сайын Руслан Берденовтің амандығы үшін алаңдап, дұға жасадық. Жуырда оның емделіп, үйіне оралғанын білдік. Енді біз оған шын жүректен сауығып, елге қызметіне қайта оралуын тілейміз», — деп жазды Алданова.

Сөзінің соңында ол бұл оқиғаны «тағдырдың сынағы» деп қабылдайтынын және әділ шешім шығарына үміттенетінін айтты.