22 Ақпан 14:36
...

Рожковтың бандасы

Фото:

90-жылдарды аяғына қарай елде атышулы қылмыстық топтар туралы гу-гу әңгіме жүріп жатқанда, Қазақстанда тайраңдаған барлық қылмыстық топтардың түп атасындай бір топқа қатысты сот үкімі шығып жатты. Ол – «Рожковтың бандасы» еді. Ешбір қылмыстық топқа ұқсамайтын өзіндік ережесі бар ол топты ешқандай лақап аты жоқ Александр Рожков басқарды. Бұрынырақ, Кеңес одағы кезінде Потребсоюз мекемесінде жұмыс істеген ол Қостанай облысының тумасы еді.

Рожковтың бандасы 1995-1998 жылдары небір ауыр қылмыстарға барды. Сол кезде ол небәрі 30-ға жаңа толған қылшылдап тұрған жігіт болатын. Оның тобы республика көлемінде алаяқтықпен және кәсіпкерлерге қарулы шабуыл жасаумен айналысты. Тіпті, сол кездері жаңадан ашылған Продкорпорацияның басшысы Шәкіржанов дегенді де ұрлап әкетіп, ақша бопсаламақ болған. Астанадағы бір кәсіпкердің үйінен 100 мың долларды қарулы шабуылмен қақшып кеткен оқиғасы тағы бар.

Шаң басқан архивтерде бұл топ жайында қылмыстық істер мен шығарылған үкімдер том-том боп жата берсін, біз Рожковты қолға түсіру тобында болған Арманбек Баймұрзиннің әңгімесіне құлақ түрелік.

Арманбек Баймұрзин

– Біздің із кесу жұмысымыз Шәкіржановты бандылық топтар ұрлап кетуінен басталды. Жоғарғы жақтан арнайы тапсырма да түсті. Біз оның туыстарының телефондарын тыңдауға қосылып, күдікті-ау деген барлық криминалды элементтерді тізбектеп, іздеу шараларын бастаған кезімізде, «Продкорпорацияның бас директоры Шәкіржановты Астана аэропорты маңында босатыпты» деген хабар жетті. Негізінде, оны Алматыда ұрлап кеткен болатын. Біз оны елордалық аэропортқа апарар тасжол бойында кездестірдік. Тіпті, қылмыскерлерді анықтау үшін сол маңда жасанды жол-көлік оқиғасын ұйымдастырып, ағылып жатқан көліктер легін сәл де болса бәсеңдетіп, маңайды бақыладық, күдік тудырарлық көліктерді тіркеп те алдық.

Алайда, біздің бұл әрекетіміз бірінен біріне жалғанып кете беретін қылмыстық жіптің бір ұшы ғана екен. Адам ұрлау қылмысына қатысты жайтты біз «Встреча» дүкені маңында кездестірдік. Ол кезде бізде қазіргідей дамыған техника болмайтын. Тек, АОН деп аталатын – автоматты нөмір анықтауыш құрал ғана бар. Күдіктінің мекен-тұрағын анықтадық, сол маңға аңду-бақылау тобын орналастырып, АОН-ды қосып қойып күтіп отырмыз. Бірнеше күннен кейін болмашы бір қоңырау шалынды. Вокзал маңында тұратын, ережесіз жекпе-жекке қатысатын күжірейген біреу екен телефон шалған. Дереу сонда тарттық. Сол ауданды жедел тексеріп, қоңырау шалынған пәтердің қожайындары жөнінде ақпарат жинап, тұтқындауға дайын отырдық. Дәл сол сәтте бізді министрдің қабылдауына шақыртып жатқан бұйрық түсті. Ол кезде Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов болатын. Министрге есеп беруге оның орынбасары Болат Ыбыраев, криминалды полиция бастығының орынбасары Павел Васильев, мен және Талғат Ақшалов дайындалдық. Бізді көшеден шақыртып алғандықтан, мен джинсы шалбарда, ал, Талғат болса тылтиған шортымен жүрген едік. Жол-жөнекей біз әріптестеріміздің кабинеттерінен шалбар, көйлеу тауып киіп, олпы-солпы қалпымызда министрдің алдында клоун сияқты отырдық.

Министрдің қабылдауы тосыннан болғандықтан әрі қылмыстық іс енді басталғандықтан басшыларымыздың бәрі есеп беруден қашқақтай бастады. Амал жоқ, мен орнымнан тұрдым да, істің барысы жөнінде есеп бере бастадым.

– Оқиғаға қатысты ақпараттарды жинақтаумен, Рожковқа жақын адамдарды анықтаумен бір ай уақытымыз кетті, міне, күні кеше ғана бір телефон нөмірін анықтап, нақты бір мекен-жайды бақылауға алдық.

– Ол мекен-жайға қатысты не шара жасап үлгердіңдер? – деді министр.

– Әзірге ештеңе жасамадық, – деп жауап бердім.

– Неге?

– Бізді сіздің қабылдауыңызға шақыртты...

– Сырттай бақылау тобын қалдырдыңдар ма?

– Қалдырмадық....

– Басқа тергеу топтары ше?

– Оларды хабардар етіп те үлгермедік...

Қайырбек Шошанұлы ол кезде «Ротманс» дейтін темекіні шегетін. Бір талын қораптан суырып, тұтатты да, асықпай түтінін тереңірек сорып, сыртқа шығарды. Сосын, айқай салды:

– Пошли н@уй отсюда! Жиналыс аяқталды! Құрыңдар!

Барлығымыз министрдің кабинетінен атқан оқтай зу етіп шықтық. Дәліз бойымен ентіге демалып, жөнеп келеміз.

– Павел Евгениұлы, бізді жұмыстан шығарып жіберді ме? – деп сұрап қоямын бастығымнан. Ол: «Барыңдар, жұмыс істеңдер!» деді де, аямай боқтап салды.

Сол сәттен бастап біздің із кесу жұмысымыз жаңа қарқынға көшті. Бізге ішіне телефон мен рация байланысы орнатылған арнайы көліктер берілді. Тобымызға астаналық із кесушілерден мықты-мықты жігіттерді қосты. Одан кейін өзге облыстардан да әріптестерімізді осы іске жұмылдырды. Кейінірек Рожковтың қылмыстық тобының ауқымы анықталғаннан кейін, бүкіл республикалық полиция басқармалары бізбен тікелей байланыса отырып, осы іске араласты.

Астана қаласындағы жалдамалы пәтерлердің біріне тінту жүргізген кезде біздің қолымызға бір қалта блокноты түсті. Ондағы жазулар мен цифрлар үстінен сызылып, көбісі көрінбейтіндей боп өшірілген екен. Тек, бір ғана Александр Рожков деген есімді әрең анықтадық. Рожковтың артынан аңду қойып, бақылауға ала бастадық. Сөйтсек, ол 10 жылдан бері іздеуде жүрген кәнігі қылмыскер екен. Оның үстінен Қостанайда алаяқтық әрекеті бойынша күдік туындап, іс қозғалған. Рожков облпотребсоюзда тауар дайындаушы боп жұмыс істеген. Үнемі инеден жаңа шыққандай сықиып киініп жүреді екен. Бір көрген адамының сеніміне тез кіреді, әсіресе, әйел баласын жылдам алдайтынға ұқсайды. Сырт келбеті қарапайым жұмысшыдан гөрі, бизнесменге немесе ірі шенеунікке келеді. Қол сөмкесінде үнемі 20 мың доллар ақша жүретін болған. Неге олай етеді десек, әгерәки қолға түсіп қалса, табан астында сол ақшаның жартысын беріп, сытылып кетпекші екен.

Рожковтың жемтіктестері әлі есімде – Ақдәулетов, Нүрпейісов деген мығым жігіттер болатын. Қылмыстық топта екінші тұрған жігіт біріншінің кім екенін білетін, үшіншісі екіншіні біледі, төртінші үшіншіні таниды.., сол секілді, әр қылмыскер тек өзінің алдындағыны ғана біледі. Олар алаяқтық пен қарулы шабуылды ғана қолданатын. Кәдуілгідей керемет офистер ашып алған. Астананың орталығынан кең-кең пәтерлерді жалдап, көзсүрінердей етіп жабдықтап, барлық қажетті техникамен, мебельмен жасандырып қойып, сұлу қыздарды жалдап, іскер адамдарша түр танытатын. Айына 100 долларлық пәтерлердің жарты жылдық ақысын бірден төлеп, ел сеніміне әбден кіріп алады. Ол кезде 100 доллар деген сұмдық ақша! Офистерінің сыртына фирмаларының атауын іліп қойып, үнемі қызу іс үстінде жүргендей түр көрсететін. Оларға іскер адамдар келіп, өзара келісім-шарттар жасасып тұрған. Бірақ, бірде-бір келісім жүзеге асқан емес. Клиенттерінен тауар, ақша алып, келісілген шаруаны уақтылы атқармай, созбаққа салып, артынан қашып кетіп отырған. Кейін сол бизнес әріптестерінің үйіне қарулы шабуылдар ұйымдастырып, тонаумен айналысқан.

Сәт сайын біз ол қылмыстық топқа жақындап келе жаттық. Енді ұстаймыз деп пәтерлеріне баса-көктеп кіргенде, жан баласы жоқ бос бөлмені сипап қалатынбыз. Тіпті, кейде шәйнектері қайнап, шылымдары тұтанып тұратын. Тұп-тура танауымыздың астынан сытылып кетіп отырды. Сөйтсек, олар тұратын пәтер маңында үнемі бір адам қарауылда отырып, сырттай бақылайды екен. Біз олардың пейджерлеріне түскен жазбаларды ұзақ зерттедік. «Мальборо сатып ал», «Сыра ала кел» деген секілді мардымсыз әңгімелер ғана жазатын. Бұл да құпиясөз екен. Телефоныңды қос, байланысқа шық деген сияқты жасырын белгі. Мұндай өзара түсінісетін құпиясөз, белгілері өте көп еді. Олардың қылмыс әлемінде лақап аттары болмады. Кәнігі қылмыскерлер оларды танымайды. Тпті, ұйымдасқан қылмытық топтарда таныстары да жоқ. Міне, олардың мұндай айласы бізді үнемі тығырыққа тіреп отырды.

Олар әрбір қылмыстық ісіне тыңғылықты дайындалатыны сондай, әрбір құрбандығының қандай дертке шалдығып, қандай аурумен ауыратынына дейін зерттеп отырған. Кейін сол білетін деректері бойынша оларды қинап, керекті ақпаратын алады екен. Бір әйелді нысанаға алады, баласы демікпемен аурады екен. Үнемі әлгі әйелден ақша алуға барғанда олар өздерімен бірге демікпеге арналған демалу түтігін ала барған. Ағасы қалталы сол әйелден айына 12 мың доллар алып отырған. Ақша болмай қалған жағдайда дүние-мүлкін тартып алып, өзге біреулердің атына жаздырып келген.

Рожковтың талабы бойынша, олар кісі өлтірмеуге, ауыр дене жарақатын салмауға тырысқан. Тек бір мәрте оқыс оқиға болып, абайсызда қан төгілген. Бір перзентке зар боп жүрген жас отбасыларды ақшаға мәжбүрлейді. Жеке кәсіппен айналысатын, дәулеті бар ересек кісілер көрінеді. ЭКО арқылы бала көтерткен екен, олардан ақша талап етіп жатып тапаншаны аспанға атқанда, әлгі кісінің әйелі түсік тастаған. Тіпті, олар біржолы атақты Рыжый Алмаздың қарауындағы коммерсанттарды да қыспаққа алып, белгілі бір сомаға лақтырады. Кейін Рыжыйдың жігіттері оларды тауып алып, өздерінің басына бұлт үйірген. Естуімізше, Рожковтың жігіттері қомақты ақшамен құтылған деседі...

Александр Рожковтың жанқалтасында үнемі Макаров тапаншасы жүретін болған. Оны Астана және бүкіл Қазақстанның патриархы қасиетті сумен ұшықтап, «кие қондырып» берген көрінеді. Одан өзге, ол бір жолы екі поляр қасқырын әкеліп, өзінің саябағында асыраған.

Поляр қасқырлары (ғаламтордан)

1998 жылдың күзінде біз оның бірнеше жемтіктесін тұтқындап үлгердік. Тергеу қарқынмен жүріп жатты. Рожковтың өзі іздеуде. Бір білетініміз – оның Алматыда тұратын Даша деген қызға көңілі болған, бізге енді сол қызды табу керек. Тағы бір білетініміз, Дашаның қала орталығындағы бір кафеде ме, жазғы алаңқайда ма, әйтеуір, ел тынығып, көңіл көтеретін жерде даяшы боп жұмыс істейтіні. Васильев екеуміз күнұзақ қаланың кафелерін аралаймыз. Нәтиже жоқ. Екінші тәуліктің кешінде Цирк маңындағы жазғы алаңқайдың үстеліне кеп жайғастық. Күн ыстық болатын. Бізге өңірінде «Дашу» деген жазуы бар бір әдеміше қыз қызмет көрсетті. Біз ол жерден де кетіп қалдық. Ертесіне басшылығымыздан сөгіс алып, тағы да бірер күн мұрсат алдық. «Дашу» деген қыз жайлы айтсам, басшылық аса илана қоймады.

Кешкісін келіншегімді ертіп, әлгі алаңқайға тағы бардым. Жайғасып, тапсырыс беріп жатырмыз. Даяшы қыздан «Сіздердегі Дашу дейтін қыз қайда?» деп сұрап қоям. Ол болса, «Даша ма? Иә, біз оны Даша деп атаймыз» деп жауап берді. Бұл кезде келіншегім қызғаныш танытып, маған ала көзімен ата қарап қояды. Кафедегілер маған Дашаның мекен-жайын бермеді. Кейінірек өзіміз тауып алдық.

Тергеу тобының бірер жігіті Дашудың үйіне келдік. Қапқаздық отбасы екен. Әке-шешесі қатал. Бірден айғай көтеріп, ұрыс шығарды. Амалдап жүріп әрең түсіндірдік. Сосын олар қыздары құрбысының үйінде болуы мүмкін екенін айтты. Ол жерге де бардық. Сырттай бақылау қойып, аңдып отырмыз. Бір күні кешкісін ол үйге сырт келбеті Рожковқа келетін бір жігіт кеп кірді. Артынша біз де баса-көктей кіріп, тарпа бас салдық. Сөйтсек, ол Дашудың құрбысына діни уағыз жүргізіп жүрген бір сектант жігіт екен. Ол жерде де көтерілген шуды әрең басып, Дашаның құрбысын полиция бөлімшесіне алып келдік. Құрбысы арқылы Дашаны тауып, оны да сұраққа алдық. Ол Саша жайлы айтты, фамилиясын білмейтін боп шықты. Өте мәдениетті әрі қызға жақсы көңіл бөлетін жігіт ретінде танитынын жеткізді. Үнемі гүл сыйлап, жақсы мейрамханаларға апарып отырған. Сөз арасында Даша бір кездері Рожковпен бірге қонаққа барған пәтерінің адресін есіне түсірді. Рубенштейн көшесіндегі 16-үй. Сол жерде Рожковты ұстадық. Тұтқындау кезінде олар қарсылық танытты. Ақдәулетов тапаншадан оқ атты, біз де қарсы аттық. Оққа ұшатынын шын сезген соң, амалсыз берілді. Олар пәтерде үш адам екен. Бәрінің қолына кісен тақтық.

Тергеу барысында тек 123 қылмыстық істі ғана дәлелдей алдық. Олардың жетпіс төрті қарулы шабуыл мен бопсалау. Банда бүкіл Қазақстан аумағында әрекет еткен. Тергеуге мыңдаған куәгер тартылды. Қылмыстық іс жылдан аса жүргізілді. Сот орындығына 18 қылмыскер отырғызылып, қалғаны куәгер ретінде тергеу ісімен келісімге келді. 100 томнан аса қылмыстық материал жиналды. Сот жылдан аса жүрді. Рожковқа 20 жыл, оның 10 жылын қатаң түрдегі колонияда отыруға міндеттелді. Қылмыстық топтың беткеұстар серкелеріне 18 жылдан үкім кесілді.

Айтқандай, олардың үйлерін тінту кезінде біз түрлі валютадан тұратын мол ақша таптық. Бағалы заттар, қымбат көліктер, тағы басқа құндылықтар шықты. Бірақ, біз олардың банктегі есеп-шоттарын ақыры таба алмадық. Шамалауымызша, банда ұрлап жиған көп байлығын шіркеу қызметкерлері арқылы басқа жерлерде жасырын ұстаған секілді. Алайда, бұл күдігімізге де дәйекті дәлеліміз болмады.

Рожковтың бандасының қылмыстық ісімен қатар, Талғат екеумізді де жауапқа тартылып, үстімізден іс қозғалды. Екеумізге тергеудегі күдіктілер ұрып-соқты, тінту кезінде ақша жымқырды деген секілді жала жабылып, сыртымыздан арыз жазған. Түске дейін қылмыскерлердің ісімен шапқылаймыз, түстен кейін өзіміз тергеушінің алдында отырамыз. Сөйтіп жүріп, жарты дүниені шулатқан қылмыстық топқа қатысты іске нүкте қойдық.

P.S. Сөз соңында Арманбек Баймұрзин маған Рожковтың дәл қазір бостандықта жүргені жөнінде тіс жарып ештеңе айтпады. Білуімше, ол өзіне кесілген жаза мерзімін толықтай өтемегенге ұқсайды. Сол оқиғалардан кейін құқық қорғау қызметкерлерінің көзіне де түсе қоймаған. Кім біледі, ол қазір бір жерлерде, біреулермен бір әрекеттерді шыркөбелек айналдырып жүрген де болар, қайдан білеміз...

Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан

Тегтер: