26 Шілде 15:08
...

Роман СКЛЯР: Бестөбе кенішінде суды сору жұмысы басталады

Фото:

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды.

Рrimeminister.kz сайтының хабарлауынша, Премьер-министрдің орынбасары жылу беру маусымына дайындық барысын және Көкшетаудағы су тазарту құрылыстарын кеңейту жобасының жүзеге асырылу жұмысымен танысты. 

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев алдағы жыл қала үшін мерейлі жыл болатынын атап өтті. Көкшетауға – 200 жыл. Ол бүгінде қаланы көркейту, абаттандыру бойынша ауқымды жоспар бар екенін тілге тиек етті. 

Бұдан кейін Бестөбе ауылы тұрғындарының бастамашыл тобымен кездесу өтті. Ауыл тұрғындары жұмысқа орналасу, кеніштің болашағына қатысты сұрақтарын қойды.
«Қазақалтын» ЖШС қызметкерлеріне қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы бос жұмыс орындары мен жұмыспен белсенді қамту шаралары ұсынылды, сондай-ақ 6 айға дейін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақы ұсынылды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары бұл мәселе Үкіметте бақылауға алынғанын хабарлап: «Біз заң шеңберінде және халықтың мүддесі үшін әрекет етеміз. Тамыз айында Бестөбе кенішінде сорғылар мен құбырлар орнатылғаннан кейін суды сору жұмыстары басталады», – деді.

Қалпына келтіру жұмыстарының алғашқы кезеңінде 320-ден астам адам жұмылдырылған. Бестөбе кенішіне иелік ететін «Алтыналмас» АҚ-ның мәліметінше, су тартылып, жаңа тау көкжиектеріне шығу мүмкіндігіне қарай жергілікті тұрғындардан 300-ге жуық кенші қосымша жұмысқа тартылады.

Кәсіпорынды толық жалақымен қалпына келтіру үшін қажетті еңбек күші тартылады. Ал қалған жұмыссыздарға «Алтыналмас» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясының басқа өндіріс орындарында жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады.

«Облыс әкімдігі жұмыссыз қалғандарды жұмыспен қамту үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп түйіндеді кездесуді қорытындылаған Роман Скляр.

Тегтер: