USD
USD
USD

Roblox ЛГБТ тақырыбындағы контентке байланысты бұғатталды

Ресейде балалар арасында кең танымал болған Roblox онлайн-ойын платформасына қолжетімділік шектелді. «Роскомнадзор» бұл шешімді платформаның экстремизмді, зорлық-зомбылықты және балаларды азғындауға итермелейтін контент таратуымен түсіндірді.

Roblox платформасы
Фото: roblox.com

Астана, NEGE. Ресейдің байланыс және ақпараттық кеңістікті бақылау органы – «Роскомнадзор» Roblox платформасын бұғаттағанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, платформада экстремистік және террористік әрекеттерді насихаттайтын, зорлық-зомбылыққа шақыратын, сондай-ақ ЛГБТ тақырыбындағы материалдар анықталған. Кейбір пайдаланушылар ойын ішіндегі «бөлмелерде» мектептерге шабуыл жасау, теракт ұйымдастыру сынды көріністерді бейнелеп, балаларға теріс ықпал ететін контент таратқан.

Мекеме сондай-ақ Roblox-та балалардың жыныстық қысымға ұшырауы, интимдік суреттерін алдап алу, азғын әрекеттерге немесе күш көрсетуге итермелеу жағдайлары тіркелгенін хабарлады. Ведомство дерегінше, мұндай оқиғалар тек Ресейде ғана емес, басқа елдерде де кездеседі.

«Роскомнадзор» 2019 жылдан бері Roblox әкімшілігіне бірнеше рет ескерту жасап, тыйым салынған материалдарды алып тастауды талап еткен. Алайда платформаның модерация жүйесі балаларды толық қорғай алмады. Соның нәтижесінде ойын ішінде зиянды әрі орынсыз контенттің таралуы тоқтамаған.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

Ал Қазақстанда өткен айда Roblox платформасын бұғаттау жөнінде екі арыз түскен. Бірі – Бас прокуратураға, екіншісі – Ішкі істер министрлігіне жолданған. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі платформаны талдап, оның суицидті насихаттайтын белгілері болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Нәтижесінде App Store мен Google Play Market әкімшіліктеріне тиісті хаттар жіберілді. Келесі қадам қалай болары әзірге белгісіз. 

Қазір оқып жатыр

Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК-тен шығу туралы шешім қабылдады

Мұнай

Үйқамақта болуы тиіс Олеся Кексель Алматы әуежайында не істеп жүр?

.

Жамбыл облысында экс-депутаттың партиядан шығарылуына қатысты іс қайта қаралады

Дамир Ташкараев

АМӨЗ-дегі экологиялық жанжал және Атырау тұрғындарының денсаулығы: деректер не дейді?

.