«Рыжий Алмаздың» киллерін ІІМ НЕГЕ жасырып отыр?
20 қыркүйекте «Арбалет асынған киллер «Айка Бегемоттың» адамы екен» деген мақала жарияланғанбыз. Осы мақалада айтылған жайттарға байланысты ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына ресми сауал жолдадық.
Өткен жылы 2 қараша күні Мәскеу маңында бизнесмен Владимир Маруговты өз үйінің моншасында қылмыскерлер арбалетпен атып, өлтіріп кетті.
Іле-шала үш күдікті ұсталды. Олардың лидері әрі бизнесменді атып өлтірген киллер Александр Мавриди – Қазақстанда туып-өскен. Қазақстанда Александр Анатольевич Прудников деген атпен жүрген ол бір кездері «Рыжий Алмаздың», кейіннен оның ізбасары «Айка Бегемоттың» қоластында болған.
Фото: РФ ІІМ.
Міне, біз осы Мавриди-Прудниковқа қатысты деректерді анықтамаққа Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың атына 20 қыркүйек күні ресми сауал жолдадық.
Онда мынадай сұрақтар бар еді: Алматыда туып-өскен А.Мавриди қазір Қазақстанның азаматы ма? Оның «Рыжий Алмаз» қылмыстық тобының мүшесі болғаны құқық қорғау органдарына белгілі ме? Мавриди Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылған ба? Қазақстанның құқық қорғау органдары қандай да бір қылмыстық іске қатысты А.Мавридиге іздеу жариялады ма? Ресейдің тергеу комитетімен ІІМ-нің әріптестік байланысы бар ма?
Ресми сауал тиісті адресатқа жеткеннен кейін ІІМ-ден редакцияға телефон соғып, «Мавриди деген атпен бірнеше адам тіркелгенін, редакцияға нақты қайсысы керек екенін» сұраған. Бізге киллер Мавриди-Прудниковқа қатысты деректер қажет екенін тәпіштеп түсіндірдік.
ІІМ-нің жауабы.
Кеше ІІМ-ден төмендегідей жауап келді, егер мұны жауап деуге болса, әрине.
«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес дербес деректерді тарату субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылады».
Министрлік сілтей салған заңның (Дербес деректерді қорғаудың – ред.) мақсаттары мынадай: 1) жеке өмірге қолсұғылмаушылық, жеке және отбасы құпиясы құқықтарын іске асыру; 2) олардың тұтастығын және сақталуын қамтамасыз ету; 3) олардың құпиялылығын сақтау; 4) оларға қол жеткізу құқығын іске асыру; 5) оларды заңсыз жинауды және өңдеуді болғызбау мақсатында шаралар кешенін, оның ішінде құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенін қолдану арқылы жүзеге асырылады.
А.Мавриди. Фото: РФ Тергеу комитеті.
Сондықтан да «Қазақстанда қылмыстық топ мүшесі болған, Ресейді де лаңдаған рецидивист-киллерді ІІМ не себепті жасырып-жауып отыр? оған қатысты деректер қандай құпияға жатады?» деген сұрақтардың басы ашық.
Әлде ІІМ-нің кеңсе клерктері біздің сұрақтарымызға жауап беруге ерінді ме? Егер солай болса, «Мавридидің өзінен рұқсат алып кел» демегеніне де шүкір...