19 Тамыз 18:52

«Риксостың» қожайыны бас санитар дәрігерді НЕГЕ «тентіретіп»  жіберді?

Фото:

Ақтаудағы бес жұлдызды «Rixos Water World» қонақ үйіне қаланың бас санитар дәрігері Әсима Жарылғасова біраз уақыттан бері кіре алмай жүр екен. Мемлекеттік органның өкілі қымбат қонақ үйге шалқайып жатып демалу үшін емес, тексеру үшін барған.

Қаладағы эпидемиялық ахуалға қатысты брифинг өткізген бас санитар дәрігер Ә.Жарылғасова былай деді:

«Кеше «Риксосқа» кіріп, тексеру үшін үшінші рет әрекет жасап көрдік. Бірақ бізді тағы кіргізбеді. Бүгін түстен кейін қонақ үйдің өкілдері келіп, не үшін кіргізбегенін түсіндіреді. Біз ­– мемлекеттік органбыз, жұмысымызға кедергі келтіргені үшін жауапкершілік қарастырылған».

Ә.Жарылғасова

Жауапкершілікті әркім әртүрлі түсінетін болса керек. Мәселен, Ақтаудың бас санитар дәрігері өз жауапкершілігін дұрыс түсінгендіктен, індеттің таралуына алаңдағандықтан қонақ үйді тексергісі келді. Ал қонақ үйдің қожайыны қалталы һәм «аузы дуалы» қонақтарының мазасын алмауды жауапкершілік деп түсінетін сияқты. Бұл ­– әзірге көзге көрініп тұрған бір себебі ғана. «Сезікті бұрын секіреді» демекші, бес жұлдызды қонақ үйде санитарлық талаптар аяқ асты болып жатуы да мүмкін ғой...

Жылда шетел асып үйреніп қалған қалталылар мен «сөзін сатып» жеңіл ақша табуға машықтанған блогер, вайнерлер биыл елден шыға алмай қалды. Не істемек керек? Жағалаудағы жылы құмда көсіліп жатып рахаттанбаса, қалай демалып жатқаны туралы әлемжеліге пост жазбаса тағы болмайды. Бұған Каспийдің жағасындағы қымбат қонақ үй ­– таптырмайтын жер. Қонақ үйдің қожасына басқа не керек? Ақшаны шытырлатып санап алып жатыр, жарнамасы жүріп тұр.

Маусым орталанғанда ашылған «Риксоста» 500 қонақ бөлмесі бар екен. Оның 462-сі – делюкс, 22-сі – люкс нөмірлер, бұдан бөлек 15 бунгалосы (жеке үйлер) мен 1 президенттік нөмірі тағы бар. Жай нөмірлерінің өзі адам басына жеті күнге 500 мың теңгеден деседі. Ал енді президенттік нөмірдің бағасын ойлаудың өзі ауыр.

Бізге жеткен ақпарат бойынша, дәл осы президенттік нөмірде есім-сойы елге белгілі аса жонды шенділердің бірі бірнеше күннен бері көңілдесімен демалып жатыр-мыс. Редакцияға хабарласқан тұрақты оқырманымыз әлгі шендінің аты-жөнін атап, фотосын қоса жолдады. Бірақ біз мәселенің моральдық жағын ескеріп, әзірге оның «кәйпін» бұзбауды жөн санадық.

«Ақтаудағы «Риксос» қонақ үйі кімдікі?» деген сұраққа жауап іздеп, тілшіміз ғаламторды біраз аударып-төңкеріп көрді. Қымбат қонақ үйлер желісінің қожасы Феттах Таминдже деген түрік азаматы екен.

Ф.Таминдже

Таминжденің Sembol Construction деген компаниясы Нұр-Сұлтанда бірқатар нысандар салған. Айталық, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Нұрлы Жол» вокзалы, Тұңғыш президент қоры ғимараты, тағысын-тағылар.

Сондай-ақ, Таминдже мырза KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясының тәуелсіз директоры әрі директорлар кеңесінің мүшесі.

Директорлар кеңесін Үкімет басшысы Асқар Мамин басқарады. Қосшылары – бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов, вице-премьер Роман Скляр, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов...

Ал енді осындай ығай-сығайлармен қатар тұрған Таминдже мырза Ақтау қаласының «қайдағы бір» бас санитар дәрігерін қонақ үйіне тексеруге кіргізіп жын ұрып па?!     

Тегтер: