Режиссер Ермек Тұрсынов: кино емес мазақ

Кино саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан режиссер Ермек Тұрсынов көптен күткен «Шырақшы» туындысының тұсауын кесті.
Алматы, NEGE. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен таспаланған туындыны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» мен «Тұрсынов фильм» компаниясы бірлесіп түсірген. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілімге шыққан фильм сюжеті соғыстан қайтқан сарбаздың кейінгі өмір жолын баяндайды. Көркем туынды «замана көші озғанмен, өнер ғана мәңгілік» деген ойды белгілі бір арнаға тоғыстыра отырып, тартысты оқиғамен өрбиді.
«Қазір шығып жатқан арзан кинолар, комедия дейміз. Ол комедия емес, бұны кино деп ауыз толтырып айта алмайсыз, бұл - мазақ. Сондықтан осы шығып жатқан кинолардың 90 пайызын мен кино деп айта алмаймын», - деген режиссер қазіргі таңда жарыса фильм түсіріп, көрерменге контент ұсынуды емес, қалтасына қаржы түсіруді ойлайтын кино мамандарға көңілі толмайтынын жеткізді.
Айта кетейік, кино әлемінде көпті мойындатқан Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» туындысының әлемдік алдын ала көрсетілім XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінде өткен болатын. Өткен жылдың соңында аталмыш фильм Ресейде өткен «Sochi International Film Festival and Awards» кинофестивалінде екі бірдей жүлдеге ие болып, «Үздік фильм» және «Үздік әйел адамның рөлі» номинациясы бойынша марапатталған.