Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Резерв пен салық. Назарбаевтың «АТБ Банкі» НЕГЕ пайдасын 31 пайызға азайтты?

Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі ресейлік Азия-Тынық мұхиты банкі 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығын 6,1 миллиард рубль таза пайдамен аяқтады. Бірақ былтыр дәл осы кезеңде банк 8,83 миллиард рубль тапқан болатын. Яғни бір жылда таза пайда шамамен 31 пайызға азайып отыр.

.
Фото: NEGE

Бұл жолы мәселе банктің негізгі бизнесінде емес. Керісінше, АТБ кредит пен депозит арасындағы айырмадан бұрынғыдан көбірек ақша таба бастаған. Бірақ операциялық шығындар банктің жақсы маржасын тезіреп жеп қойды.

АТБ
Фото: "Азия - Тынық мұхит банкі" АҚ 2026 жылғы I жартыжылдық есебінен

NEGE Азия-Тынық мұхиты банкінің қаржылық жағдайын төрт жылдан бері тұрақты бақылап келеді. 2021 жылы санациядан өткен қаржы ұйымын Назарбаевтың құрылымдары Ресей Орталық банкі өткізген аукционнан 14 миллиард рубльге сатып алған еді. Содан бері банк жыл сайын пайдасын өсіріп, 2025 жылы рекордтық 16,48 миллиард рубль таза кіріс көрсетті.

Бірақ биыл рекорд қайталанбайтын түрі бар. Иә, пайыздық шығындар бір жылда 15,46 миллиардтан 12,80 миллиард рубльге дейін қысқарды. Соның арқасында таза пайыздық табыс 8,77 миллиардтан 10,98 миллиард рубльге дейін өскен. Былай қарасаңыз, банктің негізгі бизнесі былтырғыдан да тиімді жұмыс істеп отыр. Депозитті арзанырақ тартып, кредит пен бағалы қағаздардан жақсы маржа алып жатыр.

Бірақ мәселе басқада. АТБ кредиттік тәуекелдерге арналған резервін былтырғы 2,15 миллиард рубльден 3,03 миллиард рубльге дейін көбейткен. Өсім шамамен 41 пайыз. Бұл банктің қарыз алушылар бойынша бұрынғыдан да сақтық таныта бастағанын білдіруі мүмкін.

Демек, кредит портфелі сырттай тұрақты болғанымен, оның ішінде тәуекел өсіп келе жатыр. Өткен материалымызда да осы тенденцияны байқаған едік. Биылдың бірінші тоқсанынан бастап АТБ резервті көбейтіп, кредит портфелін агрессивті өсіруден бас тарта бастаған. Тағы бір айта кетерлігі, өткен айда банк басшысын ауыстырды. Басқарма төрағасы болған Мигель Маркарянц өз еркімен креслодан кетіп, оның орнына Василий Палаткин келді.

АТБ
Фото: NEGE

Былтыр алғашқы алты айда АТБ операциялық қызметіне 8,21 миллиард рубль жұмсаса, биыл бұл көрсеткіш 11,76 миллиард рубльге жетті. Банк негізгі пайыздық бизнесінен қосымша 2,2 миллиард рубльдей табыс тапқанымен, операциялық шығындары 3,6 миллиард рубльге жуық өсіп кеткен. Нәтижесінде салыққа дейінгі пайда 10,04 миллиардтан 7,9 миллиард рубльге дейін төмендеді. Ал АТБ биыл алғашқы жартыжылдықта табыс салығына 1,8 миллиард рубль жұмсаған. Былтыр бұл көрсеткіш небәрі 1,21 миллиард рубль еді. Демек, салық шығыны тағы 49 пайызға өскен. Сөйтіп ең соңында таза пайда 8,83 миллиардтан 6,1 миллиард рубльге түсіп қалды.

АТБ-ның үлестірілмеген пайдасы жыл басындағы 30,76 миллиардтан 33,25 миллиард рубльге жетті. Банк бірнеше жыл бойы тапқан пайдасының негізгі бөлігін дивидендке шығармай, капиталында жинап келеді. Назарбаев неге үлестірілмеген пайданы дивиденд ретінде алмай отыр деген сұраққа келсек, мұнда біршама шектеу бар сияқты.

АТБ
Фото: NEGE

Себебі АТБ-ның жалпы капиталы 47,56 миллиард рубльге дейін өскенімен, регулятор есептейтін меншікті қаражаты шамамен 38,6 миллиард рубль деңгейінде қалып отыр. Ал тәуекелмен өлшенген активтер 293,4 миллиардтан 304,3 миллиард рубльге дейін өскен. Салдарынан капитал жеткіліктілігінің жалпы коэффициенті бір жылда 13,11 пайыздан 12,60 пайызға дейін төмендеген.

Назарбаевқа бағынышты банк акционері «Pioneer Capital Invest» ЖШС дивиденд мәселесін 2026 жылдың қаржылық есебі шыққаннан кейін, яғни келесі жылы қарастыруы мүмкін. Бірақ алса, 33 миллиард рубльдің барлығын емес, бір бөлігін ғана алады деп болжап отырмыз.

Қазір оқып жатыр

Астанадағы басты көпірдің қозғалысы бір аптаға шектеледі

Арқар көпірі

Бірінші сыныпқа баратын балалардың 71%-ы қазақ тілін таңдаған

Мектеп

Хакер даркнетте 15 млн қазақстандықтың жеке дерегін сатылымға шығарған

жеке деректер

Ресейлік шоумен Қазақстан туралы өз атынан тараған мәлімдемеге қатысы жоғын айтты

Сергей Глушко