Республикалық бюджеттен қорғаныс саласына қанша қаржы бөлінбек?
Қазақстанның 2027 жылғы бюджетінде күштік құрылымдарға 3,3 трлн теңге қарастырылған. Құрылтайда өткен брифингте БАҚ өкілдері қаржы министрі Мәди Такиевтен республикалық бюджет жобасында қорғаныс саласына нақты қанша қаржы қарастырылғанын сұрады.
Астана, NEGE. Сұраққа жауап берген министр қазіргі уақытта аудиторлар Қорғаныс министрлігінің қызметіне тексеру жүргізіп жатқанын еске салып өтті.
«Қорғаныс саласына нақты қанша қаржы бөлінетінін айта алмаймыз. Бұл – жабық ақпарат. Аудит комитеті Қорғаныс министрлігін тексеріп жатыр. 61 аудиторлық тапсырма бердік. Аудит нәтижесіне қарай көре жатармыз», – деді Мәди Такиев.
Оның сөзінше, республикалық бюджет жобасы әлі екінші және үшінші оқылымда қаралады. Тексеру нәтижелері осы уақытқа дейін дайын болса, бюджеттегі қорғаныс шығындары қайта қаралуы, яғни қысқаруы не ұлғайтылуы мүмкін.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігіндегі ауқымды тексеріс Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін басталды. 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. 25 қыркүйек елде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
26 қыркүйекте Президент Қасым-ЖомартТоқаев министрліктегі жағдайды, соның ішінде әскери құрылымдардың қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін тексеретін арнайы комиссия құрды. Оны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарады.
5 қазанда Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері жарияланды. Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 13 қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Қылмыстық істер мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заңбұзушылықтарға қатысты қозғалған.