Ресейден Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілді
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Ресейдің Хабаровск өлкесінің жабайы табиғатынан ұсталған төрт Амур жолбарысы – екі ересек дарақ және жолбарыстың екі төлі жеткізілді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады. Ведомство мәліметінше, қайта жерсіндіру бағдарламасы жолбарысты 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен өңірге қайтаруға бағытталған.
Қазақстандық, ресейлік және халықаралық сарапшылар қайта жерсіндіру үшін ең қолайлы аумақ ретінде оңтүстік Балқаш өңірі – Іле өзенінің атырауы және оған іргелес табиғи кешендерді таңдаған.
«Қазақстанға келгеннен кейін жолбарыстар «Іле-Балқаш» резерватының арнайы дайындалған қоршауларына орналастырылып, мамандардың бақылауына алынды. Алдағы кезеңде карантин, бейімдеу және жануарлардың жай-күйін кешенді бағалау шаралары көзделген», – делінген ведомство хабарламасында.
Табиғи мекендеу ортасына жіберер алдында жолбарыстарға спутниктік қарғыбаулар тағылады. Экологтардың түсіндіруінше, бұл олардың қозғалысын тұрақты бақылауды және мамандардың жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға төрт Амур жолбарысының әкелінуін Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапары аясындағы айтулы оқиға деп атады.
Еске салсақ, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған мақаласында Амур жолбарысына тоқталып өткен. Путиннің сөзінше, Қазақстан тарапы Амур жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіруге көмек сұраған. Осыған байланысты Ресейдің тиісті мекемелері соңғы бір жыл ішінде тиісті жұмыс жүргізген.