Салтанат Нүкенова туралы кітап жарық көрді
Ресейлік «Бомбора» баспаханасынан 2023 жылғы 9 қарашада азаматтық некедегі күйеуінің – бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенова туралы кітап басылып шықты.
Астана, NEGE. «Ее звали Салтанат» деген атаумен шыққан кітапты марқұмның ағасы Айтбек Амангелді жазған.
Кітаптың аннотациясында отбасындағы абьюзге құрылған қарым-қатынастың қалай қайғылы жағдайға әкеп соқтырғаны және Салтанаттың туыстарының әділ сотқа қалай қол жеткізгені баяндалып, оқиғалар хронологиясы сипатталған.
Кітапта Салтанат Нүкенованың туыстарының жеке мұрағатынан фотосуреттер берілген, ал соңғы бөлімінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге көмек көрсететін Қазақстан мен Ресейдегі ұйымдардың байланыс ақпараты берілген.
Кітапты алып үлгерген оқырмандар оны бір деммен оқып шыққанын, Салтанаттың оқиғасынан қатты әсер алғанын жазып жатыр. Сондай-ақ ауыр да болса, бар күшін жиып кітапты жазып шыққан авторға алғысын білдірген.
«Кітапты оқу арқылы автордың ауыр азапты басынан өткергенін сезіндім. Жақынынан айырылу, қасірет шегу, күрес және басқа адамдарды осыған ұқсас қорқынышты оқиғалардан құтқару тарихы баяндалған. Билігінің шексіздігіне, жазасыз қалатынына, сондай-ақ өзінің қатыгездігіне, адамгершіліктен жұрдайлығына және жиіркенішті айлакерлігіне сеніп жүрген Бишімбаев қайран қалдырды», – деп жазыпты оқырмандардың бірі.
Айта кетейік, күйеуінің қолынан ажал құшқан Салтанат Нүкенованың қазасы қоғамды дүр сілкіндірген еді. Бұл жағдай Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің ушығып тұрғанын көрсетіп, нәтижесінде қылмыстық заңнамаға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдататын бірқатар түзету енгізілді.