20 Желтоқсан 13:21
...

Ресейде мұсылмандарға төрт әйелге дейін алуға рұқсат берілді

әйел
Фото: pixabay.com

Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының теологтар кеңесі ерлерге төрт әйелге дейін алуға рұқсат берді.

Алматы, NEGE. Бір күн бұрын «Ресей Федерациясының мұсылман қауымындағы көп әйел алу мәселесі» пәтуасы (теологиялық қорытынды) шығарған кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

«Ер адамның екінші, үшінші, тіпті төртінші әйелмен шариғат бойынша некеге тұруға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Егер жұбайы денсаулығына байланысты, репродуктивті жасының өтуіне байланысты бала көтере алмаса немесе өзі босанғысы келмесе, тағы әйел алуға рұқсат етіледі. Басқа да объективті себептер де ескеріледі», – деді Мәскеу мүфтиі және РМДБ төрағасының орынбасары Ильдар Аляутдинов.

Діни жетекші көп әйел алуға рұқсат етудің басты шарты – барлық әйелге әділ және тең қарау екенін атап өтті.

«Ол үшін барлық әйелді бірдей материалдық қамтамасыз етіп, олардың әрқайсысына жеке тұрғын үй беру, олармен келісімде белгіленген тәртіпте тең уақыт өткізуі маңызды. Егер бұл шарттар орындалмаса, онда ер адамға бірнеше әйелмен некеге тұруға болмайды», – деді Аляутдинов.

Отбасылы ер адам әйеліне басқа әйелге үйленгісі келетінін хабарлауы керек. Басқа әйелінің барын жасыруға болмайды. Егер бәйбішесі бұл туралы хабардар болмаса және бұған шыдай аламаса, онда ол өзінің некесін бұзуды талап ете алады. 

Сонымен қатар Ресей мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар кеңесі төрағасының орынбасары әйелдердің бұрынғы некесінен туған балаларын да асырап алуға міндетті екенін хабарлады.

«Пәтуаның ережелері ерлі-зайыптылардың діни некедегі құқықтары мен міндеттерін нақтылайды және Ресей Федерациясының отбасы заңнамасының нормаларын алмастырмайды», – деп атап өтті Аляутдинов.

Заң бойынша мемлекеттік АХАЖ органдарында арнайы куәлік беру арқылы жасалған бір ғана некені мойындалады. Бірақ діни некедегі көп әйелді отбасылар іс жүзінде бар болғандықтан, ондағы әйелдердің құқықтары қорғалмаған.

«Тек шариғат бойынша неке қиған әйелдің құқығы заңды түрде қамтамасыз етілмеген. Біздің теологиялық пікіріміз оның құқығын сақтау үшін қажетті шараларды қабылдауға көмектеседі», – деді мүфти.