Ресейде Қазақстаннан жеткізілген көліктер үшін 1 млн рубльге дейін қосымша төлем талап етілуде
Ресейде кеден органдары бірнеше жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен – Қазақстан, Беларусь және Армениядан әкелінген автокөліктерге утильалымды қайта есептеу жұмысын белсенді түрде жүргізе бастады.
Астана, NEGE. РБК басылымының жазуынша, егер көлік елге әкелінгеннен кейін бір жыл ішінде сатылған болса, кеден мұны коммерциялық импорт деп бағалап, утильалымның айырмасын төлеуді талап етеді.
Бұған дейін бірнеше мың рубль көлеміндегі жеңілдетілген мөлшерлеме (шамамен 3,4 мың рубль) қолданылса, енді көлік иелеріне 1 млн рубльге дейін төлем шоттары жіберіліп жатыр.
Басылым мәліметінше, мұндай берешектерге байланысты соттарға түсіп жатқан талап-арыз өте көп. Тек Еділ бойы өңірінің өзінде осындай шамамен 4 мыңға жуық іс қаралуда.
Мәселе 3-5 жыл бұрын әкелінген көліктерге қатысты болып отыр. Кеден қызметі көліктің елге кіргізілгеннен кейінгі 12 ай ішінде сатылған-сатылмағанын тексереді. Егер сатылғаны анықталса, онда утильалымның коммерциялық импортқа арналған жоғары мөлшерлемелері қолданылады.
Дегенмен, 2023 жылдың тамызына дейін Ресей заңнамасында мұндай көліктерді қайта сатуға ешқандай шектеулер қойылмаған, атап айтқанда, жеке пайдалануға рұқсат етілген көліктер саны нақтыланбаған.