Ресей елшілігінің наразылығынан кейін Тараздағы қираған стела қалпына келтірілді
Тараз қаласында Қызыл армияның 72 белгісіз жауынгері жерленген орынға орнатылған мемориалдық стела толық қалпына келтірілді. Жауынгерлер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде эвакуациялық госпитальдарда жарақаттан көз жұмған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы хабарлады. Дипломатиялық өкілдік Жамбыл облысы мен Тараз қаласының әкімдігіне мемориалды жедел жөндегені үшін алғыс білдірді.
«Қазақстан Республикасының құзырлы органдары бұған дейін жасалған вандализм әрекетіне қатысты тергеуді жалғастырып, кінәлілерді анықтап, оларды қатаң жазаға тартады деп сенеміз», – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Ресей елшілігі ескерткіштің қиратылуын қатаң айыптап, оны жай ғана бұзақылық емес, «екі елге ортақ батырлардың рухына құрметсіздік көрсетуге бағытталған саяси экстремистік әрекет» деп атаған еді.