Ресейде Конституцияға түзетулер енгізу бойынша дауыс беруде
Халыққа ұсынылып отырған өзгерістер арасында құқықтық кеңістікте негізгі заңға басымдық беру, Конституциялық Сот судьяларының санын қысқарту, Мемлекеттік Дума мен Федерация кеңесіне жаңа өкілеттіктер беру, сондай-ақ президенттік мерзімге қатысты шектеулерді алып тастау сияқты пунктер бар.
Алматы, NEGE. Референдум 1 аптаға созылады. Референдум ерекше талаптармен өтіп жатыр. Қауіптің беті әлі қайтпағандықтан, әр адам арақашықтықты сақтауы тиіс. Биыл дауыс беру кабинасы да әдеттегідей пердемен жабылмаған. Дене қызуы жоғары азамат бөлек бөлмеге жіберіледі. Ал үй карантинінде отырғандарға арнайы жәшік жеткізіледі. Елде мұндай сайлаушылардың саны 3 миллион 700 мыңнан асады.
Науқанның алғашқы күні электрондық сайлау жүйесін дауыс берушілердің 40%-дан астамы пайдаланған. Бұл – 468 мыңнан аса тұрғын. Дегенмен, орта жастағы адамдар мен зейнеткерлер бұрынғы әдісті, яғни сайлау учаскелеріне келуді жөн санайды. Референдум кезінде сайлаушылардың қанша пайызы қатысқаны назарға алынбайды. Яғни дауыс бергендердің жартысынан көбі түзетулерді қолдаса жеткілікті. Десе де, оппозиция мемлекеттік қызметкерлер мәжбүрлі түрде қатысып жатыр дегенді алға тартып, плебисцитті заңсыз деп тануға шақырып отыр.