Ресей Қазақстанға құпия құжаттар берді
Қазақстан Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи музейінде Мәскеу үшін шайқасқа қатысқан қазақстандық жауынгерлер туралы мұрағат құжаттарын тапсыру рәсімі өтті.
Алматы, NEGE. Атап айтқанда, бұған дейін Ресей мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарих мұрағатының құпия құжаттары – Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлына қатысты деректер немере інісі Бекет Момынқұлға табысталды. Соның ішінде бірнеше маңызды құжат бар.
Олар: Б.Момышұлына рәсімделген жалпыодақтық коммунистік партия мүшесінің тіркеу бланкісі, 1942 жыл; ЖКП мүшесінің партиялық билеті мен есеп карточкасы, 1942 жыл; КОКП мүшесі Момышұлының тіркеу бланкісі; Момышұлының есеп карточкасындағы фотосуреті;
«Адам соғысуға үйренеді» атты мақаласы, 1943 жыл; КСРО Жоғары кеңес президиумының «Б.Момышұлын Қызыл Ту орденімен марапаттау туралы» қаулысы, 1971 жыл;
«Казахстанской правд» газетіндегі «Баурджан Момыш-Улы» (некролог), 1982 жыл. Осы құжаттарды батырдың туысына Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин тапсырды.
«Құрметті достар, бүгінгі шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Биыл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толып отыр. Біз одақтаспыз әрі доспыз. Бүгін қазақстандық достарымызға табысталған мұрағат құжаттары осы достықты әрі одақтас қарым-қатынасымызды растап отыр», – деді Бородавкин.
Бауыржан Момышұлына қатысты құпия құжаттар батырдың туысына табысталды Осы орайда дипломат 1941 жылы құрылған қазақстандық дивизиялардың Мәскеуді жанқиярлық ерлікпен қорғағанын еске алды. Олардың арқасында жауға тойтарыс берілді.