Рейімов Тоқаевтан көмек сұрады
«Алматыметроқұрылыс» директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Рейімовтің ұсталғанын, кейіннен 25 миллион теңге кепілқұн төлеп бостандыққа шыққанын жазғанбыз. Кеше Рейімов баспасөз мәслихатын өткізіп, Алматы қалалық полиция департаментін айыптады.
Алматы, NEGE. Рейімов баспасөз мәслихатына адвокаттары Жохар Өтебеков пен Оралбай Әлімжанды ерте келді.
«Менің басымдағы жағдай кез келген адамның басына тууы мүмкін. Қолданыстағы заңдарды аяқ асты етіп, қылмыстық іске тапсырыс беруге және оны өз пайдаға шешуге болатынын президент пен қоғам білсе деймін. Бұған дейін мен кінәлі емес екенімді, бұл істің ойдан құрастырылғанын дәлелдегенмін. Маған қатысты тапсырыс түскенін мәлімдеймін.
Мен ұсынған құжаттарды органдар қабылдамады. Мені тергеу изоляторына қамамауға да болатын еді, бірақ қамады. Тергеуші Қалиев шақырып алды да, мені қамау туралы қаулымен таныстырды. Кепілқұн тергеушіге көрсетілді, бірақ ол аяқ астынан ауырып қалды. Тәулік бойы кепілқұн қабылданған жоқ. Мені қамаудың не қажеті бар еді?» дейді Рейімов.
Рейімов өзінің қамалу себебін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қабылдауына жазылуынан көреді. «Мені қамау себебін Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың қабылдауына жазылғанымнан деп білемін. Полициядағы әлдекімдер менің министрмен кездескенімді қаламайды» дейді ол.
Адвокат Ж.Өтебековтің айтуынша, Рейімовті тағы да қамап тастауы мүмкін. Адвокат былай деді: «Министрдің қабылдауына қатысты қызық жағдай болып жатыр. Қабылдауға жазылғанымыз үшін Рейімовті қамауға алуға тырысып жатыр. Министрдің қабылдауына 55 адам жазылыпты, бір күнде одан көп адам қабылдай алмайды. Қабылдаудан үмітіміз бар, бірақ оған дейін Рейімовті қамап тастай ма деп күдіктенемін».
Баспасөз мәслихаты барысында Қ.Рейімов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Істі ерекше бақылауға алып, Алматыға президент әкімшілігінен заңгерлер жіберуді өтінді.
Естеріңізге салайық, «Алматыметроқұрылыс» басшысы Қ.Рейімов басына түскен жағдайға бизнесмен Дінмұхамед Ыдырысовты кінәлі санайды. «Алматыметроқұрылыс» акционері Дінмұхамед Ыдырысов компанияның 39 пайыз акциясын сатып алған. Рейімовтің айтуынша, Ыдырысов бұған қанағаттанбай, «Алматыметроқұрылыс» компаниясын басыбүтін алып қоюға әрекет жасап жатыр.