21 Қыркүйек 12:28
...

Сқақов: Екібастұздың кешенді дамуы тек қана жаңа өндірістер емес

Фото:

Үкімет отырысында Екібастұз қаласының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары қабылданды. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуы бойынша, құжат 114 іс-шарадан тұратын төрт негізгі блокқа бөлінген.

КДЖ-ың негізгі тармағының бірі жеке инвесторлар үшін индустриялық аймақ құру болып табылады. Айта кету керек, жергілікті билік жоспарды жүзеге асыруда жеке инвестицияларға үміт артып отыр. КДЖ-ғы жеке инвестициялар үлесі 90%-ға жуық.

«Алайда, Екібастұздың кешенді дамуы тек қана жаңа өндірістердің іске қосылуын білдірмейді. Әлеуметтік салада да маңызды мәселелер бар. Оларды өңір қаражаты есебінен шешу жоспарланып отыр. Денсаулық сақату саласындағы екі ірі жобалар пулы кадрлық әлеуетті арттыру және материалдық-техникалық базаны жақсартуға байланысты. Атап айтқанда, қалалық емхананы жаңғырту жоспарланып отыр», – деді Сқақов.

Білім беру саласында барлық мектептерге күрделі жөндеу жүргізу мен бала бақшаны реконструкциялау жоспарланып отыр. 700-ден астам баланы қамтитын шығармашылық орталығының құрылысы басталады деп күтілуде.

«Қосымша білім беруді дамыту дене тәрбиесі мен спорт саласында да жүргізіледі. Мұз айдыны мен 30 спорт алаңын салу жоспарлануда. Бұның бәрі дене тәрбиесімен айналысатын екібастұздықтардың санын 40%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Мәдениет саласына келер болсақ, мұнда да сала нысандарының  күрделі жөндеуі мен құрылысы күтілуде, сондай-ақ, Екібастұздың ауылдық аймағында мәдениет үйлері бой көтереді», – деп хабарлады Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. 

Екібастұздың кешенді даму жоспары ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша құрастырылды. Жоспардың негізгі міндеттері – қаланың отын-энергетика кешенінен тәуелділігінен арылту және экономиканы декарбонизациялау. Жоспарды талқылауға қала тұрғындары мен тәуелсіз сарапшылар қатысып, олардың ұсыныстары құжатқа енгізілді.

КДЖ-ын жүзеге асырудан күтілетін әсер - 700 миллиард теңгеден астам инвестициялардың құйылуы, өнеркәсіп өндірісінің көлемінің деңгейі 1 триллион теңгеге дейін ұлғаюы, ШОБ субъектілерінің санының 10 мыңға дейін артуы, 16,5 мың жаңа жұмыс орындарының құрылуы және т.б.

Тегтер: