Шымкент қаласына квест-саяхат ұйымдастырылды

16 маусым, 18:34
Шымкент қаласына квест-саяхат ұйымдастырылды
Фото: ғаламтордан

Бүгін шаһардың 2200 жылдығына орай, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, республикалық дәрежедегі қала ретінде қайта құрылғанына 3 жыл толуына және 19 маусым – Қала күніне орай квест-саяхат ұйымдастырылды.

Шымкент, NEGE. Мақсаты - туған қаламыздың көрнекті жерлерімен жете танысу, тарихына үңілу, өлкетану жұмысын жандандыру, қаламызда бой көтерген сәулетті мәдени, тарихи ескерткіштерді насихаттау, бабалар рухына тағзым ету.

Жас оқырмандардың керуені еліміздегі ең биік, еңселі сәулет өнерінің туындысы - Бәйдібек баба ескерткішінен бастау алды.

Саяхаттың әрбір аялдамасында жастар Шымкент туралы викториналық сұрақтарға жауап беріп, саяхатты жалғастыруға қосылып отырды.

Квест-саяхат барысында жастар Шымкенттің көрнекті ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, жыр-арнаулар айтты. Авторлық өлеңдер оқылды.

Саяхат соңында батырлар мен билерге, Даңқ мемориалындағы жауынгерлерге тағзым ете отырып, қуғын-сүргін музейінің жұмысымен танысты. «Шымқала» кешенін, қамал-бекіністі аралаған жастар Тәуелсіздік саябағында саяхатты аяқтады.

Іс-шараға жастар, жоғары сынып оқушылары мен студенттері, кітапхана оқырмандары қатысты.