22 Қыркүйек 11:53

Сарапшы: Маңғыстауда мал ақша жемейді

Фото:

Маңғыстау өңіріндегі ахуал бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Бұл күрделене түскен мәселенің байыбына бүгін бармасақ, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Яғни, жағдайды жіті бақылап, бұдан әрі қателік жібермеудің жолын қарастыру керек. Бірақ қалай?  

Журналист әрі ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Кирилл Павловтың бұл жәнінде айтары бар екен.

«Біз бүгін шара қабылдамасақ, ертеңгі алғашқы суықта-ақ бұл өңірдегі малдың қырылып қалу қаупі жоғары. Алдымыз – қыс. Аяз қысса, тек жем-шөп қоры бар жеке шаруашылық иелері мен фермерлердің ғана ірі қарасы аман қалатын шығар.

Қазір өңірде жем-шөпке деген сұраныс өте жоғары. Жергілікті тұрғындар қанша бар, сонша сатып алуға дайын. Десе де, ұрымтал тұсты пайдаланатындардан бағаны шарықтатып жібермеуді өтінеді. 

Әншейінде Қазақстанды астық державасы саналатын елдің қатарына жатқызамыз. Шын мәнінде, солай ма? Ендеше бізде бұл жағынан ешқандай мәселе туындамауы тиіс қой. Шаруаларды тығырықтан шығаратын жол қайсы? Бұл мәселеге кім бас қатырып отыр?

Жақында AGRO агрохолдингі Маңғыстау өңіріне біршама мөлшерде кебек пен шөпті тегін, ал дәнді-дақыл түрін өз бағасында жеткізуді қолға алмақшы. Ал оны «Қазақстан темір жолы» АҚ өз вагондары арқылы 99 пайыз жеңілдікпен тасымалдап беруге дайын. Енді осы асарға басқа да агрохолдингтер қосылып, аймақ тұрғындарына көмектессе, жақсы болар еді.

Маңғыстау – аграрлы емес, мұнайлы өңір. Оны бәріміз білеміз. Сондықтан мұнда ауыл шаруашылығымен айналысу едәуір тәуекелді қажет етеді. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов сонау 1926 жылы осы өңірге барған сапарында адайлардың Маңғыстау жерін қыс мезгілінде қыстау ретінде паналайтынын, жаз айларында малын Үстірт шоқысы мен басқа аймақта жайып, өмір сүретінін жазған.

«Тіпті, қыстыңгүні де құдық қазып, су шығарып, малдың қамын жасауға тура келеді. Адай ауылы жыл бойы көшіп-қонып жүреді. Малды жаю және уақытымен суару, оның күтімін жасау да үлкен жұмыс. Олар жайылымды да өз жөнімен пайдаланады», – деген екен жазбасында.   

Сондай-ақ, Ә.Бөкейханов Маңғыстау халқының сиыр малын ұстамайтынын да тілге тиек еткен.

«Көшпенді халық көбінесе түйе мен ұсақ мал бақты. Тіпті, биелер де сауылмай бос жүреді. Ал көшіп, қоныс аударған кезде олар түйеге қарағанда жылқыны көлік ретінде пайдаланатын»,– деген.  

Әрине, мал бағу оңай емес. Мал басын көбейту үшін жем-шөппен қамтамасыз етілуі керек. Бұл тұрғыда жергілікті аграр мамандарының жанайқайының жаны бар. «Егер шикізат болмаса, Бейнеу ауданында бидай өңдейтін зауыт пен диірмен цехын не үшін салды?» деп ашынуы да орынды.  Алайда, қазір бұл зауыт жұмыс істемейтін көрінеді. Өкініштісі, елімізде дәл осындай қаңырап тұрған қаншама зауыт бар.    

Бұл өңірде өсімдік шаруашылығы да мәз емес. Жақсы өнім беретін, жеткілікті мөлшерде ылғалы бар жер де тапшы. Сол себептен мұнда шөп өсіру, жем дайындау мәдениеті қалыптаспаған. Былайша айтқанда, Түркістан облысындағы кез келген ауылмен салыстырғанда аз.

 

Ресми дерек бойынша, 2021 жылы Маңғыстауда небәрі 65 гектар жерге жоңышқа және 5 гектар жерге жүгері егілген. Табиғи жайылымдардағы шабындықтың өнімділігі үш есеге, яғни 150 000 тоннаға дейін төмендеді. Бұған үш жыл қатарынан жауын-шашын мөлшерінің аз түскенін қосыңыз. Мұндағы жұрт мал шаруашылығы үшін тек 2016 жылдың қолайлы болғанын әлі айтып жүр.

Стандартқа сәйкес, бір сиырдың 100 келі тірі салмағына 4 келі шөп қажет. Маңғыстаудағы малдың қазіргі жағдайын ескерсек, күніне кемінде 17-20 келі шөп керек. Бұл аймақта қыс маусымы кейде 6 айға созылады. Ал бұл өңірдің шөбі қыста тек 50 мың бас ірі қара малға ғана жетеді. Жазда жайылыммен амалдайды. Таңертең өріске кеткен мал кешке оралады. Бір жақсысы, мұнда басқа өңірмен салыстырғанда, мал ұрлығы жоқтың қасы. Себебі, барымта жасағандарға жаза қатаң.

Айта кету керек, Маңғыстау облысында жайылымды жерлердің де күйі кеткен. Мұнда қанша мал жаюға болатынын білу үшін арнайы зерттеу керек. Мұнымен қоса «мал жаюды ұйымдастыру ережелері» деген құжат бар екенін және ол бойынша шөлді жайылымдарды пайдалану коэффициенті 60 пайыздан аспауы керек екенін ұмытпаған жөн.  

Аймақты үнемі субсидия және дотациямен қолдау тығырықтан шығаруға септігін тигізеді. Бірақ оның да өз есебі болуы тиіс. «Бәлкім, малды ақшамен қоректендірсек, бізге сол арзанға шығатын сияқты» дейтіндер де жоқ емес. Жергілікті тұрғындар көлік шығындарын немесе жем құнын субсидиялау туралы өтініш жасады. Бірақ бұл басқа өңір халқы үшін әділетсіз болмай ма? Бұл «Көкшетауда ананас отырғызамын» деп немесе Қызылордада пингвин өсіретін ферма ашып, суықты субсидиялауды сұраумен тең емес пе? Сондықтан субсидияны да нағыз керекті, пайдалы дүниеге алған жөн.

Өңірдегі мал шаруашылығын қадағалау жергілікті әкімдіктің құзырында болуы тиіс. Онсыз да ет өндірісі жағынан әлеуеті төмен өңірге қолдау көрсету керек», – деп жазды журналист-сарапшы.

Тегтер: