Мемлекеттік қызмет мәселелері қаралды

25 қараша, 14:31
Мемлекеттік қызмет мәселелері қаралды
Фото: ғаламтордан

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің төрағалығымен мемлекеттік қызмет мәселелері және оны цифрландыру бойынша жиын өтті.

Шымкент, NEGE. Мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі 3 бағыт бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев және аталған департамент басшысының орынбасары Аянай Мұхитқызы баяндама жасады. Мемлекеттік қызметтің жай-күйі, саладағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуы, ондағы кемшіліктер, бақылау жайынан құлағдар етті.

Қала әкімі «e-kyzmet» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі мемлекеттік қызметтің персоналын басқарудың технологиялық базасы екенін айтты. Бұл кадрларды іріктеу, бағалау және мансаптық жоспарлау арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың жаңа жүйесі екенін ескере келе, «e-kyzmet» ақпараттық жүйесінің толық болуы, әрі жаңартылып отырылуы әрбір орган басшысының жеке жауапкершілігінде екенін ескертті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда маңызды құрал ретінде айқындалған «е-өтініш» ақпараттық жүйесін қолданудың маңыздылығына тоқталды. Өтініштерге қатысты процестерді цифрландыруды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе - өтініш берушімен кері байланыс ұстап, мемлекеттік органдардың жұмысына баға беруге жол ашатынын жеткізді. Жүйені қолдануға бүгінге дейінгі жіберілген кемшіліктерді айтып, сала басшыларына қатаң ескертті. Мемлекеттік қызмет көрсету барысында олардың мерзімінде және сапалы жүзеге асырылуын бақылауға алуды тапсырды.

Одан бөлек, Мемлекет басшысының мемлекеттік органдардың функцияларын цифрландыруға көңіл бөлу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес қалада «I-shymkent» қалалық қызметтер мен сервистердің орталықтандырылған порталы енгізілгенін айтты. Порталда 50–ден аса қызмет түрі бар, «Айкөмек-109» орталығымен интеграцияланған. Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, бизнес, мемлкеттік қызметтер, қандастарды тіркеу, балалардың түрлі үйірмелерге жазылуы секілді қызметтер біріктірілген, яғни барлығын онлайн түрде ала алады.

- Порталдың қала тұрғындары мен қонақтары үшін сапалы өмір сүруіне жағдай жасау үшін үлкен үлесін қосатыны сөзсіз. Қазір пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Барлық басқармалардың қызметін интеграциялап болған соң келер жылдан бастап нақты іске қосылады. Тұрғындардың онлайн және офлайн қызмет алуы үшін арнайы фронт-офис ашу ойда бар. Осы ретте порталдың жұмысына жұмылдырылған мемлекеттік органдар мен мекемелер тиісті дәрежеде сапалы жұмыс жүргізуді, жыл соңына дейін аяқтауды тапсырамын, - деді Мұрат Әйтенов.