Маңғыстау облысын дамытудың Кешенді жоспары аясында 60 мың жұмыс орны ашылады

25 қараша, 15:20
Маңғыстау облысын дамытудың Кешенді жоспары аясында 60 мың жұмыс орны ашылады
Фото: ғаламтордан

Жуырда қабылданған Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары өңірдің өркендеуіне тың серпін бермек.

Алматы, NEGE.  Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
 
Кешенді жоспар 214 іс-шарадан тұрады, оның ішінде экономиканы дамыту аясында – 87, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша – 48, әлеуметтік сала мен экологияда 66, азаматтық қорғанысты қамтамасыз етуде 13 іс-шара қарастырылған.
 
Кешенді жоспардың жалпы бюджеті 2,1 трлн. теңге. Оның ішінде 71% жеке инвестицияның үлесі (бюджеттік қаражаттың көлемі 457 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджет – 339 млрд. теңге, жергілікті бюджет – 118 млрд. теңге).
 
Кешенді жоспарды жүзеге асыру арқылы өңірдегі келесідей нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:
-​2025 жылға қарай облыстың жалпы ішкі өңірлік өнімінің көлемін 3,1 трлн.теңгеден 4,1 трлн. теңгеге дейін ұлғайту;
-​2025 жылы өңірге келетін туристер санын 750 мыңға дейін арттыру;
-​Халықтың нақты табысын ұлғайту
 
- ​Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет қабылдаған кешенді жоспар өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Кешенді жоспар аясында алдағы 5 жылда 60 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр, - деді Нұрлан Ноғаев.