6 Қазан 17:30

«Қазақтелеком»: Түркістан облысында 300 мектепке бейнебақылау орнатты

Фото:

Соңғы жылдары еліміздің білім ұяларында түрлі келеңсіз жайттар көбейді. Бұдан көбінесе оқушылар зардап шегіп жатты. Мәселенің ушыққаны соншалық, қайғылы оқиғалар әр өңірдегі мектептерде тіркелді. Қайтпек керек?

Оған ел президенті Қ.Тоқаевтың өзі кірісіп, білім беру ошақтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қолға алу керектігін қадап айтты. Яғни, жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға тапсырма беріп, мектептерге тез арада бейнекамера орнату міндетін жүктеді. Осы тұрғыда еліміздің шалғайдағы аймақтарындағы білім беру мекемелеріне интернет желісін жеткізіп, бейнекамерамен қамту мәселесін шешуде көмекке «Қазақтелеком» АҚ келді.

 «Қазақтелеком» Түркістан облысы Полиция департаментімен бірлесе отырып, мектептерге бейнебақылау камераларын орнатуды қолға алды. Енді ол жердегі деректер тікелей ПД-нің Жедел басқару орталығына түсіп отырады. Нәтижесінде орталық мамандары Түркістан облысындағы 349 мектептегі болып жатқан оқиғаларды сол мезетте көре алу мүмкіндігіне ие болады.

Мәселен, Түркістан облысы Спатаев атындағы ауылда бұған дейін интернет желісі  болмаған. 700 тұрғыны бар ауылға CDMA технологиясы бойынша телефон тартылса да, интернетпен тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмады. Бұл әсіресе, өткен жылы пандемияға байланысты карантиндік шектеулер мен қашықтан оқытуға көшкен кезде қиындық туғызды. Студенттер мен мұғалімдер онлайн сабаққа кіре алмай, әбігерге түсті. Содан кейін де олар ұялы байланыс сигналына қосылу үшін көрші ауылға баруға мәжбүр болды. Енді бұл кедергілерді жоятын уақыт келді. Елді мекендерге жүргізілген талшықты-оптикалық байланыс желісінің арқасында мұғалімдер де, оқушылар да интернетке емін-еркін кіретін жағдайға жетті. Әсіресе, Спатаев атындағы мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылғалы бері ұстаз қауымы цифрлық білім беру қызметі мен интерактивті технологиялардың, қашықтан оқыту мен электронды журналдарды пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізді.

«Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аясында оптикаға қосылған нүктелерде ұялы байланыс операторлары «250+» бағдарламасы аясында 3G/4G желілерін дамыту жобасын жүзеге асыра алды. Спатаев ауылында Kcell базалық станциясы орнатылып, ауыл тұрғындары көптен күткен жоғары жылдамдықты ұялы байланысқа ие болды. Жоба үшін 20 Мб/с жылдамдықты қамтамасыз ететін техникалық мүмкіндігі бар елді мекендердегі мектептер таңдалды», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Түркістан облысына барған сапарында.

 Ең бастысы, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізудің арқасында білім ұяларында түрлі тәртіпсіздіктің алдын алып, құқық бұзушылыққа жол берілмейді. Мектептердегі бейнебақылау камераларына күндіз-түні жазылған деректер аудандық полиция бөлімшелеріне және Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына түсіп отырады. Яғни, бәрі арнайы мамандардың бақылауында болады. Бұл «кірпік қақпайтын» камералар мектептің аумағын қадағалап қана қоймай, ішке кіріп-шыққан бөгде адамдардың әрекетін де назардан тыс қалдырмайды.

Спатаев атындағы мектепте оқушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында орнатылған 8 бейнебақылау камерасындағы деректер 30 күн бойы сақталады. Демек, дәліздерде, асханада, тренажер залында, фойеде, кіреберісте және мектеп ауласында болып жатқан күнделікті көріністің барлығын нақты сол уақытта да, кейін де көруге болады.

Бұл тұрғыда Спатаев атындағы мектеп директоры Жандос Қошан: «Мектебімізде орнатылған «Қазақтелекомның» бейнебақылау камералары қауіпсіз оқу үдерісін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде рұқсат етілмеген адамдардың мектепке кіруін бақылау күшейтілді, сабаққа кешігіп келетіндер саны айтарлықтай азайды. Білім беру мекемесінің кіреберісі мен шығаберісінде және мектеп дәлізінде орнатылған камералар кез келген төтенше жағдайды тіркейді. Қандай да бір жанжал туындаған жағдайда, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар бейнетаспаны көріп, даулы мәселенің ақ-қарасын ажыратып, әділ бағасын бере алады. Айта кету керек, біздің мектепте бейнебақылау жүйесі орнатылғаннан кейін оқушылар тарапынан бірде-бір тәртіп бұзу әрекеті тіркелмеді», – дейді.

 Бұл полиция департаментінің жедел басқару орталығында жедел іздестірудегі қылмыстарды тезірек ашуға және анықтауға септігін тигізіп, жұмысты әлдеқайда жеңілдете түскен. 

«Ел Президенті Қ.К. Тоқаев білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берді. Жұмыс атқарылып жатыр. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен жоба мектептерде орнатылған бейнекамералар жазбаларын аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімінде, сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында қарауға болады. Осылайша, біз кез келген қауіп-қатерді уақытында анықтап, тиісті шараларды қолдана аламыз. Бүгінгі таңда облыста бейнебақылау камераларының көмегімен 67557 әкімшілік құқық бұзушылық пен 95 қылмыс анықталды», – дейді Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайрат Далбеков.

Қауіпсіздік сақталған жерде тыныштық орнайды. Балалар да сабағын қамнен-қаперсіз оқиды. Ата-аналар да баласының іс-әрекетін бұлтты бейнебақылау жүйесін смартфонына жүктеу арқылы бақылай алады.

Тегтер: