18 Маусым 16:58

Ауыл шаруашылығы бағытында 8 жоба іске қосылды

Фото:

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев қаланың стратегиялық дамуы бағытында (кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салалары) атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз брифингі өткізді.

Шымкент, NEGE.  А.Сәттібаевтің айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен толықтыру, еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, АӨК өңделген өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайту мақсаты көзделген.

Шымкентте агроөнімдерді өңдеуге басымдық берілуде. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығында жалпы құны 24 млрд теңге 32 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 7 жылыжай кешені, 3 тауарлы сүт фермасы, 1 бройлер етін шығаратын жоба, 11 мал бордақылау алаңы, 1 құс фермасы, 2 балық шаруашылығы, 2 жеміс көкөніс, 1 сүтті қайта өңдеу кәсіпорыны және 4 сауда нүктелерін кеңейту немесе қайта жаңғырту бар.

Бүгінгі таңда 931,0 млн теңгеге 8 жоба іске қосылып, жаңадан 51 жұмыс орны ашылды («Корно-1» ӨК, «Эгамназаров» ЖК, «Шымкент құс» ЖШС, «Асыл-жұлдыз», «Ералы» ШҚ, «Абдукаримов» ЖК, «Наркулов» ЖК, «Лапиев» ЖК).

Қала әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру шаралары аясында «Magnum Cash&Carry» ЖШС-не 1 млрд теңге, «Грамад» сауда желісіне 800 млн. теңге, «Фиркан» сауда желісіне 300 млн теңге және «Hermes» ЖШС-не 128 млн теңгеге келісім-шарттар түзіліп, айналымға қарыз-қаражат берілді. Келісімшарттар негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылып жатыр.

Биыл жалпы егілген 29,3 мың гектар алқаптан 71,7 мың тонна өнім жинау күтілуде. Қаланың шеткі елдімекендеріндегі үй іргелік жерлерін тиімді пайдаланып, халықтың жағдайын жақсарту мақсатында инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі бағдарлама шеңберінде биыл 164,0 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылады. Әрбір инновациялық жобаны іске асыру кезінде шаруаларға және тұрғындарға жобалар практикалық тұрғыда түсіндіріліп, көрсетілетін болады.

Тегтер: