22 Қазан 15:54

«АСА АГРО» ЖШС жылына 21 мың тонна құс етін өндірмек

Фото:

Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданында «Аса Агро» ЖШС жылына 21 мың тонна құс етін өндіретін фабрика ашпақ. Үш жылға жоспарланған жобаның жалпы құны – 8 млрд теңге деп жоспарланған екен. Алайда шаруашылық иесі Төлебай Меңдіоразов соңғы қымбатшылықтан кейін жобаның құны артқанын айтады. «Аса Агро» ЖШС директоры құс етін өндіретін фабриканың жұмысы туралы айтып берді.

Жамбыл ауданына қарасты Аса – Бірлесу – Еңбек жолының бойында орналасқан «АСА АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 15 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Төлебай Меңдіоразовтың айтуынша,  желтоқсан айында жылдық жоспар орындалып, 3 нысанның жұмысы толықтай іске қосылады. Сондай-ақ ол Үкімет пен жергілікті биліктің құс етін өніретін фабрикаға ерекше қолдау көрсетіп отырғанын ескертті.

«Үкіметтің ең басты міндеті – «кәсіпкерлікпен айналысамын» деген азаматтарды ынталандыру. Соңғы 10 жылдан бері Үкімет ауыл шаруашылығы саласында басымдық беретін салаларды белгілеп, нақты қолдау беретін болды. Нақтырақ айтсам, ет, сүт және жұмыртқа сынды тағы басқа салалар бойынша қолдау көрсетіп жатыр. Соның ішінде құс шаруашылығына ерекше ден қойып отыр. Себебі еліміз жыл сайын 300 мың тонна құс етін тұтынады. Оның небәрі 200 мың тоннасын еліміздегі 24 құс шаруашылығы қамти алады. Ал қалған 100 мың тоннасын шетелден қып-қызыл ақшаға сатып алып отырмыз. Сондықтан да Үкімет «Қолдарыңнан келсе, құс шаруашылығымен айналысыңдар. Біз көмектесеміз» деп айтты.

Мәселен Алматы, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары өзін-өзі құс етімен толық қамтамасыз ете алады. Өйткені құс өсіру үшін ең басты қажеттіліктің 80 пайызы жем болып саналады. Ал бидай мен арпа аталған өңірлерде шыққан соң, ол жақта құс шаруашылығымен айналысқан тиімді. Ал оңтүстік өңірде бидай мен арпа аз егіледі де, мұнда құс шаруашылығымен айналысу күрделі. Құс шаруашылығымен айналысып отырған өңірлер өздерін ғана қамтамасыз етіп қоймай шетелге өнімдерін сатып отыр», – дейді кәсіпкер.

Ауыл шаруашылық саласында 30 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан азамат етті бағыттағы бройлер тауығын өсіруді жоспарлап отыр. Аталған тауық 42 күннің ішінде 2 келі 700 грамға дейін ет беретін көрінеді. Сондай-ақ ол бройлер тауығын тоңазытқышта ұзақ уақыт сақтап отырмай тез арада сату керек екенін ескертті.

«Мәселен мен Алматыдағы құс етін Қызылорда мен Батыс Қазақстан облыстарына апарып сата алмаймын. Себебі біздің елде транспорт логистикасы дұрыс дамымағаннан кейін тауық етін бүлдіріп алуым мүмкін. Ал Жамбыл мен Шымкент және Түркістан облысы өзіне қажетті құс етін шығаруға мүмкіндігі болмай отыр. Осыны ескере келе, біз Жамбыл облысында құс шаруашылығын дамыту туралы тоқтамға келдік. Бұл – бір.

Екіншіден, кезінде облыс басшысы болған Асқар Мырзахметов пен қазіргі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «Жер береміз және Үкіметтің беріп отырған жәрдемақысы бойынша қолдау көрсетеміз» деп кәсіпкерлерді шақырды. Міне, осы қолдаудың арқасында жұмыс бастадық», – дейді ол.

Төлебай Мырзағұлұлының айтуынша, елімізде құс етіне деген сұраныс жыл өткен сайын өсіп келе жатыр. Мәселен ілгеріде ел тұрғындарына 100 мың тонна құс еті жететін. Ал болашақта 400 мың тоннаға дейін құс еті қажет болатын көрінеді.

«Бұрын қазақ жылқыны сойып алып, қыстай соны жеп жататын. Ал қазір жылқы етінің бағасы қымбаттап кетті. Шыны керек, жылқы етін сатып ала алмайтын халық тауық етін тұтынуға мәжбүр. Сондықтан да халықтың құс етін тұтыну көрсеткіші 400 мың тоннаға дейін жетеді деп ойлаймын.

Мәселен бір Жамбыл облысының өзі орта есептеп 30-40 мың тоннаға жейін құс етін қажет етеді. Ал облыстың шығарып отырғаны – жылына 7-8 мың тоннаның ар жақ, бер жағында ғана. Бір сөзбен айтқанда, облыста құс етіне деген сұраныс жоғары. Сондай-ақ Жамбыл облысынан бөлек Шымкент қаласы, Түркістан мен Қызылорда облысы, тіпті Өзбекстанға дейін жетізуді көздеп отырмыз. Жоғарыда айтқанымдай аталған аймақта жем болмағандықтан құс шаруашылығы дамымаған», – деді шаруа қожалығының жетекшісі.

Кәсіпкер Қазақстан әлі күнге дейін мұхиттың ар жағындағы Америкадан құс етін сатып алып отырғанын айтады. Аталған елден құс етін сатып алғанымыз үшін мемлекеттік баж ретінде қыруар қаржы төлеп жатырмыз. Осыны ескерген Үкімет «Өз-өзімізді құс етімен толық қамтамасыз етейік» деп дұрыс саясат жүргізіп отыр. Бірақ кәсіпкер әу баста жоспарлаған жоба құнына қымбатшылық өзгеріс жасағанын тілге тиек етті.

«Біз жылдың басында құс шаруашылығын 8 млрд теңгеге саламыз деп есептеген едік. Қырсық қылғанда, біз осы жұмысты қолға алып едік, баға өсіп кетті. Мәселен 1500 теңге тұратын шифер 4500 теңгеге бірақ секірді. Жалпы құрылысқа қажетті барлық зат қымбаттады. Демек әу баста жоспарланған 8 млрд теңге 9-10 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Бірақ Үкімет «Егер құс шаруашылығымен айналыссаңдар шығарған ақшаларыңның 25 пайызын қайтарып береміз» деп уәде берген болатын.

Сондай-ақ «ҚазАгро» арқылы 6-7 пайыз көлемінде субсидия беріледі. Әзірге үкіметтен көмек алған жоқпын. Өйткені Үкімет кез келген адамға жеңілдетілген несие бере салмайды. Мысалы қандай да бір шаруашылықпен айналысатын болсаң, әуелі өзің құрылысқа қажетті деліген 100 теңгенің 15 теңгесін салуың керек. Сонда ғана Үкімет кәсіпкерге көмектесе алады. Үкімет барлық жағдайды жасап қойған. Сондықтан да біз әзірге өзіміздің қаржымен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ болашақта Үкіметтің жеңілдетілген көмегін аламыз деген ниетіміз бар», – дейді ол.

Жуырда «Аса Агро» ЖШС-не облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы және облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов келген болатын. Аталған кездесуде Төлебай Меңдіоразов құс фермасына көгілдір отын тарту мәселесін көтерген екен.

«Көктемнен бері біз газ мәселесін шеше алмай келе жатырмыз. Негізі Жамбыл облысында ауыл шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін ауылды жерге газ тарту жөнінде арнайы бағдарлама қабылдату керек. Бұл бағдарлама қабылданбаған. Себебі аталған бағдарламаның қаражат көзі шешілмеген. Олар «Ауыл халқынан жырып мен саған газ бере алмаймын. Жаңа бағдарлама қабылданғаннан кейін рұқсат бере аламыз» деп отыр. Мен оны неге Нұрлан Нұржігітов пен өзге де сала басшыларына айтып жатырмын? Өзім мемлекеттік қызмет саласында көп жылдан бері еңбек еткеннен кейін мұның шешілу жағын білемін. Маған жергілікті билік «Болашақта мына жерде көгілдір отын тарту мәселесі шешіледі» деген жоба жасап берсе болды» – дейді ол.

Төлебай Меңдіоразов суды тасымалдап әбігерге түспес үшін фабрика маңанан ауыз су мұнарасының құрылысын аяқтағанын айтады. Сондай-ақ ол фабрика Германиядан сатып алынған арнайы құрылғылармен жабдықталғанын ескертті.

Кәсіпкер жыл соңында алғашқы өнімін тұтынушыларға жеткізетінін айтады. Ал 2022 жылы 4 баздың құрылысы, одан кейінгі жылдары Жұма стансасынан фабриканың тағы филиалдары ашылады. Бір сөзбен айтқанда, өндіріс қуатын екі-үш есеге артатын болады.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Жамбыл облысы.

Тегтер: