Полицейлер анасы мен қызын өрттен аман алып қалды

Әр маман өз саласының білгірі, жанашыры болуы тиіс. Онсыз жұмыстың ілгері баспайтыны анық. Кәсібіне адал азаматтың бірі – Қостанай облысы полиция департаменті Сарыкөл аудандық полиция бөлімінің инспекторы Талғат Оңғарбаев.
Ішкі істер органында 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Талғат Көшербайұлы Сарыкөл аудандық полиция департаментінің инспекторы қызметіне көтерілгеніне де көп болған жоқ. Табан аудармай он жыл еңбек еткен ол 2020 жылдың желтоқсан айында жаңа қызметке тағайындалды.
Жаңа жыл табалдырықтаған аттаған күні түсте Сарыкөл аудандық полиция бөліміне тұрғын үйден өрт шыққаны туралы шұғыл қоңырау түседі. №368 патрулдік құрам, яғни әріптесі Руслан Мақашев екеуі айтылған мекенжайға дереу жетіп, шатыры жанып жатқан үйді көреді. Үйдің ішінде көмек сұрап, шыңғырып жатқан баланың даусын ести сала құтқаруға кіріседі. Жедел шешім қабылдап, шапшаң қимылдағанының арқасында анасы мен қызын өрттен аман алып қалады. Сол мезетте өрт сөндіру қызметі де жетіп, үйдің шатырын жалмаған өртті ауыздықтайды.
«Шатыры лапылдап жанып жатқан үйге кірген бетте жылап отырған қызды көрдік. Түтіннен уланып, демін әрең алады. Әріптесім Руслан кішкентай қызды далаға алып шығып, жедел жәрдем шақырды. Келесі жатын бөлмеде не істерін білмей абдырап қалған 42 жастағы әйел «Құжаттарымды алу керек» деп әрі-бері жүгіріп жүр. Ондай кезде адам абдырап қалатыны түсінікті. Содан бөлмедегі шкафты ақтарып, бір бума құжаттарды қолыма ілдім. Үйдің иесін де тездетіп көшеге шығардық.
Әріптесім Руслан Мақашев екеуміз жиһаздарын да сақтап қалуға тырысып, далаға тасыдық. Ас үйдің төбесін шарпыған өрттің қарқыны күшейген. Қарасақ, бұрышта газ баллоны тұр екен. Енді қайттік? Полиция майоры Руслан Мақашев өртке шелектегі суды құйып, әлгі баллонды көшеге алып шықты. Сол екі ортада өрт сөндіру қызметі де, жедел жәрдем де келіп алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бұл біздің – міндет. Біздің орнымызда басқа адам болса да, дәл солай әрекет етер еді», – дейді полиция инспекторы Талғат Оңғарбаев.
Оның айтуынша, жұмыс барысында мұндай оқиға көп болады. «Біз мұндай тосын жағдайға әрқашан дайын тұрамыз. Кімнен қашан жіне қандай қоңырау түсетінін де білмейміз. Сақадай-сай отырамыз. Жақында да өрт тіркеліп, үй жанып кетті. Біз шамамыз келгенше көмектестік, өкінішке қарай бір адам қайтыс болды», – дейді ол тілшімізге.
Осылайша, полиция қызметкерлерінің көзсіз ерлігінің арқасында ауыл тұрғындары зардап шекпеді. Ал өрт шарпыған үйден аман құтқарылған ананың алғыстан басқа айтары жоқ. «Еңбек ер атандырады» демекші, таяуда Отан қорғаушылар күні қарсаңында лейтенант Талғат Оңғарбаев пен майор Руслан Мақашев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
«Бұл марапат бізге одан әрі тыңғылықты жұмыс істеуге құлшыныс береді. Осы ерлігіміз үшін марапатталамын деп ойлаған жоқпын. Бәрінен де адам өмірі қымбат. Сондықтан қашан да бір-бірімізге көмектесіп, қолұшын созып жүрейік», – дейді Талғат Көшербайұлы.