Референдумда билік өкілдерінен кімдер дауыс беріп үлгерді?
Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда Сенат және Мәжіліс төрағаларымен қатар, министрлер кабинеті өкілдері ертемен барып дауыс берді.
Астана, NEGE. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев республикалық референдумда өз таңдауын Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан дауыс беру учаскесінде жасады.
Дауыс беріп болған соң ол журналистермен сұхбаттасып, референдумның тарихи маңызына тоқталып өтті. Әшімбаев әрбір дауыс елдің болашақ даму бағытын айқындауда ерекше рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ бұл науқан азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға тікелей қатысуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ел азаматтарын референдумға белсенді қатысып, ел тағдырына қатысты маңызды шешімге өз үлесін қосуға шақырды.
Ал Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимаратында орналасқан №128 учаскеде дауыс берді.

Ол бүгін көңіл күйі жақсы екенін екенін, бұл маңызды күнде қазақстандықтар жаңа Конституцияға қатысты таңдау жасауға тиіс екенін атап өтті.
«15 наурыз еліміздің тарихында айрықша күн ретінде қалатынына сенімдімін. Өз басым таңдау жасадым. Барша қазақстандықтарды сайлау учаскелеріне барып, өздерінің азаматтық борышын орындауға шақырамын», – деді журналистердің сұрақтарына жауап берген Ерлан Қошанов.
Премьер-министр Олжас Бекенов республикалық референдумда алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Ол елордадағы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінде орналасқан №130 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Астанадағы Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында орналасқан № 176 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері де республикалық референдумда дауыс беріп жатқаны айтылды.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов та Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау бойынша өткен республикалық референдумда алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
Алайда Қорғаныс ведомствосы басшысының «конституциялық құқығы мен азаматтық борышын» қай сайлау учаскесінде іске асырғаны айтылмады.

Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков №266 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Айта кетейік, ұландықтар мен олардың отбасы мүшелеріне конституциялық құқықтарын іске асыруға мүмкіндік беру үшін Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімінде 36 сайлау учаскесі ашылған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумға қатысты.
Министр Астана қаласындағы №305 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та республикалық референдум күні ертемен барып өз таңдауын жасады.
«Бұл әр азамат үшін ел болашағына қатысты маңызды кезең. Қоғамның бірлігі мен азаматтық жауапкершілік мықты мемлекеттің негізін қалайды», – деп жазды ол желідегі жеке парақшасында.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев референдумда дауыс беріп, өз таңдауын Астанадағы №162 сайлау учаскесінде жасады.
Министр қазақстандықтарды саяси науқанда қалыс қалмай, референдумға қатысуға шақырды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те жаңа Конституциясы жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда дауыс берді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде маңызды шешімнің барлығы халықтың талқылауы арқылы қабылданады. Бүгінгі референдум – дәл сондай маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені әрбір қазақстандықтың дауысы елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындауда ерекше мәнге ие», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да референдумға алғашқылардың бірі болып қатысып, өз сайлау учаскесінде дауыс берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің су жаңа басшысы Асқарбек Ертаев республикалық референдумда Астана қаласындағы №160 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов республикалық референдумда дауыс беруге қатысты.

«Дауыс беру күні еліміздегі және шетелдегі спорт және туризм саласының өкілдері де республикалық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда», – деп хабарлады министрлік өкілдері.
Ал Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Атырау қаласындағы №8 учаскеде дауыс берді.
Аймақ басшысы референдумның ел болашағы үшін маңызын және оның әр адамға өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Атырау облысында референдум өткізуге 276 учаске ұйымдастырылған.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау-қабылдамау мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Референдум бюллетенінде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ ұсынылған. Референдум күні еліміз бойынша барлығы 10 402 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Учаскелер таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ашық болады.