«Реабилитацияға айына шамамен 70-80 мың доллар кетеді» – Ербаянның анасы ұлының жайын айтты

Былтыр Алматыда әскерге кеткен баласынан айрылып, табыт құшақтап қалған бір топ ата-ана баспасөз мәслихатын өткізіп, әлімжеттік пен өлім-жітімді тоқтатуға байланысты биліктен араша сұраған. Ал азаматтық борышын өтеу кезінде басынан ауыр жарақат алып, алты айдай комада жатқан Ербаян Мұхтардың жағдайы енді ғана оңалып келеді.
2023 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар бас сүйек-ми жарақатын алғанда әскерилер оның «дәретханада құлап, басын едендегі плиткаға соғып алғанын» хабарлаған. Алайда, оның туыстары мұнымен келіспей, құлап қалғаннан осындай қиын жағдайға түскеніне күмәнмен қараған. Сарбаз ауруханаға түскенде оған миға ауыр соққы, жедел субдуральді гематома, шүйде сүйегінің сынуы және басқа да ауыр диагноздар қойылған.
Ербаянның анасы Гүлсім Қамиеваның айтуынша, алғашқыда баласы өзін ұрғанын ишарамен білдірген. Бірақ кейін дәрігерлер рұқсатсыз ота жасап, миының бір бөлігін алып тастаған соң мүлдем қимыл-қозғалыссыз қалған.
«Ербаян бәрін өзі баяндап бермесе, тергеу алға жылжымайтын сияқты»
Қазақстандағы ем-дом нәтиже бермеген соң Ербаянды ата-анасы былтыр қыркүйек айының соңыңда Стамбулға алып кеткен еді. Қайырымдылық жасаған көпшіліктің демеуімен, яғни жиналған 230 млн теңгеге емнің бірінші кезеңін аяқтап, елге оралған Ербаян Мұхтарға әлі реабилитациядан өту керек. Бұл туралы құқық қорғаушы Инга Иманбай: «Ербаян екі-үш ай үйінде болады. Басына жасалған отадан кейін толық сауықтыруды бастау үшін оның ағзасы біраз уақыт демалу керек. Көктемде ол Түркияға қайта барып, оңалтуды бастайды. Оған дейін Астанада Ербаян нейрохирург, профессор Гөкхан Акдемирдің бақылауында болады», – деген еді.

– Түркияға барып келгеннен кейін денсаулығында едәуір өзгеріс бар. Отадан кейін реабилитацияны бастау үшін ми толық дайын болу керек. Дәрігерлердің айтуынша, 6 ай уақыт қажет және сөйлеуге толық мүмкіндік бар. Бұйырса, сәуірдің соңына таман оңалту шарасы басталады. Қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдайы тұрақталды. Бірақ қандай да түсініктеме бере алатындай сөйлеген жоқ. Бар үміт – реабилитацияда. Ол қанша уақытқа созылатыны белгісіз.
Бір белгілісі, Ербаян өзі сөйлемей, түсініктеме бермей тергеу де алға жылжымайтын сияқты. «Тергеу жалғасып жатыр, іс жабылған жоқ» десек те, процессуалдық шешім, яғни біреуді күдікті деп тану, қамау туралы шешім шықпады. Негізі тергеу жұмысы оның сөйлей ме, жоқ па, онысына қарамау керек. Бірақ осы тергеу Ербаянның сөйлегенін күтіп тұрған сияқты. Оны тікелей айтпаса да, бұған дейін түрлі сарапта мен анықтаманы сұратып келді. Бұл оқиға қоғамда резонанс туғызып әрі бақылауда болған соң істі де жаба алмайды, – дейді құқық қорғаушы Инга Иманбай.
- Тақырыпқа орай: Қазақстан әскері: Табыт құшақтаған аналардың зары
Ол Ербаян Мұхтардың әлі де халық көмегіне мұқтаж екенін жеткізді. «Жиналған қаражаттан қалғаны бар. Сонымен ақырындап оңалту шарасын бастай береді. Бірақ оның қанша уақытқа созылатынын білмеген соң, ақша жинауға арналған есепшотты жапқан жоқпыз», – деп түйіндеді пікірін.
«Реабилитацияны Қазақстаннан алуға қорқамыз»
Ербаян Мұхтардың алғаш әлеуметтік желіге жарияланған суреттері адам шошырлық еді. Өңі қудай боп, әрең қимылдап жатқан ұлының денсаулығына алаңдап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған ана бұрынғыдан да мықты бола бастаған.

Ал қазір Ербаянның беті бері қарап келеді. Өмір үшін күресуге бел буған жігіттің бүгінгі жағдайы туралы анасы Гүлсім Қамиева: «Аллаға шүкір, алдыңғыдан тәуірміз. Алланың қалауымен жақсы өзгеріс болып жатыр. Бәрі өз уақытымен екен. Шамалы салмақ қосты. Ота жасалғанына жақында жарты жыл толады. Негізі Қазақстанда да реабилитациядан өтуге болатын еді. Бірақ әлі де іште қорқыныш бар. Сондықтан қайтадан емді жалғастыру үшін Түркияға баруымыз керек», – дейді.
Әрине, оған қомақты қаражат керек. Сол үшін халықтан ақша жинау тоқтаған жоқ.
«Жанашыр жұрттың жылы лебізіне, көмегіне алғысымыз шексіз. Қаржылай қолдау көрсетіп жатқан әр адамға басымды иемін. Ербаян – халықтың баласына айналды. Әлі де балама қолұшын береді деп ойлаймын. Өздеріңіз де білесіздер, шетелде оңалту шаралары өте қымбат әрі оның қанша айға созылатынын алдын ала білмейміз. Сәуір айында қолдағы бар қаражатпен жолға шығамыз. Сол жақтың дәрігері шамамен ең арзан реабилитация айына 70-80 мың доллар айналасында екенін айтты. Жақында тағы бір хабарласқанда алдағы уақытта нақты сомасын біліп беретінін жеткізді», – дейді Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева.
Ербаян Мұхтардың туыстарының бар үміті – алдағы оңалту шарасында. «Осы күнге халықтың кеңпейілділігі мен жанашырлығының арқасында жеттік» деп көзіне жас алған Гүлсім Қамиева ұлының аяғынан тік тұрып кететіне сенімі мол. Ол Ербаянның қалыпты өмірге қайта оралуы үшін әлі де жомарт жандардың көмегіне зәру екенін жеткізді.