24 Қараша 18:02
...

Bank RBK мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтарады 

төлем
Фото: afk.kz

«Bank RBK» акционерлері 176,8 млрд теңге мөлшеріндегі мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын толық қайтаратынын мәлімдеді. 

Астана, NEGE. Бұл шешім 2025 жылғы 24 қарашада өткен акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында мақұлданды.

Банк осылайша 2017–2018 жылдары қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасы аясында алған 243,7 млрд теңге көмекті өтеуді мерзімінен бұрын аяқтағалы отыр.

«Мемлекеттің қолдауының арқасында 2017-2018 жылдары Банктің қызметі тұрақтандырылды және біз ел экономикасының игілігі үшін жұмысымызды жалғастыра алдық. Қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігімізді сезіне отырып, бүгін біз мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын толық қайтару туралы шешім қабылдаймыз. Бұл ресурстар Қазақстан үшін жаңа басым мақсаттарына бағытталуы мүмкін», – деп, атап өтті Банктің ең ірі акционері Владимир Ким.

Бағдарлама шарттары бойынша көмекті қайтарудың соңғы мерзімі 2032 жылға белгіленген еді. Алайда Bank RBK оны жеті жыл бұрын қайтарып, мемлекеттік қолдауды пайдалану уақытын екі есеге қысқартты.

2022–2025 жылдары Bank RBK өз күшімен мемлекетке 67 млрд теңге қайтарып үлгерген еді. Енді қалған бөлігін толық өтейді.

Жалпы мемлекетке төленетін қаражат көлемі 319,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 243,7 млрд теңге – негізгі қарыз, 75,5 млрд теңге – сыйақы.