USD
USD
USD

«Рассрочкаға» тұсау: халық қарыздан құтыла ма, бизнес неден ұтылады?

Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі халықтың шектен тыс қарызға батуын шектеу үшін арнайы заң жобасын әзірледі. Жаңа заңға сәйкес, бөліп төлеу (рассрочка) тұтынушылық несиемен теңестірілмек.

бөліп төлеу, рассрочка
Фото: NEGE/ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Жаңа заң аясында нарықтағы ойын ережесі түбегейлі өзгермек. Ұлттық банк жаңа талаптарды нарық өкілдерімен әлі де талқылап жатыр. Келіссөздер аяқталуға жақындағанымен, заң ресми түрде бекітілген жоқ. Сондықтан өзгерістердің нақты қандай болатыны ресми құжат жарияланғаннан кейін ғана белгілі болады. Қазір мынадай шаралар қарастырылып жатыр:

Біріншіден, кез келген бөліп төлеу операциясы бірыңғай кредиттік базаға енгізіліп, азаматтың кредиттік тарихына тікелей әсер етеді.

Екіншіден, егер азаматтың ай сайынғы ресми табысының 50 пайызы өзге қарыздарын өтеуге жұмсалса, жүйе оған жаңа бөліп төлеу қызметін рәсімдеуге рұқсат бермейді.

Үшіншіден, қаржы ұйымдары келісімшартта төлем кешіктірілген жағдайда салынатын айыппұлдар мен өсімпұлдардың мөлшерін ашық көрсетуге міндеттеледі. Осылайша жасырын шарттар жойылуға тиіс.

Төртіншіден, тауарды банк емес, сауда алаңының өзі бөліп төлеуге ұсынған жағдайда да маркетплейстер жаңа заңның талаптарына бағынуға тиіс.

Көпшілікке үйреншікті әрі ыңғайлы қаржы құралының осылайша бақылауға алынуы нарыққа қалай әсер етеді? Бұл қадам кімге тиімді, ал кімге тиімсіз? Осы сұрақтардың жауабын отандық экономистермен бірге талдап көрдік.

Қарыз жүктемесі енді әділ есептеледі

Осы уақытқа дейін бөліп төлеу жүйесі классикалық кредиттік жүйеден сырт қалып келді – азаматтардың қаржылық жүктемесін есептегенде, олардың мойнындағы бірнеше «рассрочкасы» көрінбей қалатын. Дегенмен бұл – азаматтардың берешегін көбейтетін негізгі факторлардың бірі еді. Қаржы сарапшысы Айбар ОЛЖАЙдың айтуынша, жаңа шаралар ең алдымен нарықты тазартып, әділ бағалау жүйесін қалыптастырмақ.

«Қарыз жүктемесін есептегенде бір ғана кредиті бар, бірақ бірнеше рассрочкасы бар адамның жүктемесі төмен болып көрінуі мүмкін. Алайда іс жүзінде олай емес. Сондықтан адамның төлем қабілеттілігін бағалау жүйесі белгілі бір дәрежеде бұрмаланып келді. Ал қазіргі қабылданып жатқан шаралар осыны түзетуге бағытталған. Енді адамның нақты қаржылық жүктемесі әділ көрсетілетін болады», – деді сарапшы.

Расында да, қазіргі жүйеде тұтынушыны қызықтырып, ойланбастан сатып алуға итермелейтін психологиялық тетіктер басым. Бөліп төлеудің жылдам мақұлдануы және қарыз жүктемесінің бірден сезілмеуі адамдарды эмоцияға беріліп сауда жасауға итермелейді. Айбар Олжайдың айтуынша, бұл құралдың қолжетімді болуы азаматтардың нақты берешегінің еселеп өсуіне әкелген.

«Бұл шара отбасылық бюджетті қорғауға да едәуір көмектеседі. Өйткені көптеген отбасы бөліп төлеуді оңай рәсімдей бергенімен, оның алдағы уақытта бюджетке қаншалықты салмақ түсіретінін әрдайым аңғара бермейді. Соның салдарынан бұл қаржы құралы көптеген отбасының жағдайына белгілі бір деңгейде кері әсер етті. Сондықтан аталған шаралар сәл кеш қабылданса да, мәселені реттеуге бағытталған маңызды қадам деп есептеймін», – деді маман.

Айбар Олжай
Айбар Олжай, AIQYN

Қаржы сарапшысы бөліп төлеу мүмкіндігі шектелсе, жұрт жаппай ломбардтар мен заңсыз несие беруші ұйымдарға бет бұрады деген қауіптің негізсіз екенін айтты. Өйткені мұндай ұйымдардағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда жоғары. Сарапшының пікірінше, реттеушілер нарықты тым қатаң шектеуге мүдделі емес. Сондықтан алдағы уақытта жаңа тыйымдар мен шектеулердің саны айтарлықтай көбейе қоймайды.

«Жалпы, бұл өзгерістер кредиттік нарықты белгілі бір дәрежеде сауықтыруға және адамдардың өз мүмкіндігіне қарай өмір сүруіне ықпал етеді. Бірақ ең маңызды бағыт – адамдардың төлем қабілеттілігін арттыру және инфляцияны төмендету. Қазір дәл осы екі бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер осы міндеттер нәтижелі орындалса, оған дейін қабылданған мемлекеттік шаралармен бірге халықтың қаржылық жағдайы да біртіндеп жақсара бастайды», – деді сарапшы.

Нарық жаңа ережеге бейімделеді

Жаңа ережелер әлеуметтік тәуекелдерді азайтқанымен, ішкі сауда айналымы мен жалпы экономикалық белсенділікті тежеуі мүмкін. Бүгінде отандық бөлшек сауда нарығы, соның ішінде ірі маркетплейстердегі электроника мен киім-кешек сегменті бөліп төлеуге едәуір тәуелді. Дегенмен экономист Бауыржан ЫСҚАҚ бұл қадамның нарыққа тигізер салдарын тек теріс құбылыс ретінде бағаламау керек деп есептейді.

«Егер халықтың сатып алу қабілеті тек қарыз есебінен сақталса, бұл экономиканың әлсіз тұсын көрсетеді. Ұзақ мерзімді тұрақты тұтыну нақты табыстың өсуіне негізделуі керек. Сондықтан алғашқы кезеңде сауда көлемі төмендеуі мүмкін, бірақ кейін нарықта жаңа жағдайға да бейімделе бастайды: сұраныс сапалырақ болады, ал азаматтар эмоцияға емес, қаржылық мүмкіндігіне қарай шешім қабылдай бастайды», – деді маман.

Экономистің пайымдауынша, жаңа реттеулер алғашқы кезеңде шағын және орта бизнес пен банк секторына кері әсер етуі мүмкін. Алайда нарық қатысушылары біртіндеп жаңа жағдайға бейімделе бастайды. Кәсіпкерлер арасында клиент үшін бәсеке күшейсе, банктер жаңа әрі тиімді қаржы өнімдерін ұсынуға мәжбүр болады.

«Ұзақ мерзімде бизнес бұл өзгерістерге де бейімделеді. Мысалы, компаниялар баға саясатын қайта қарап, жеңілдіктерді көбейтіп, адалдық бағдарламаларын дамытады және қызмет көрсету сапасына көбірек көңіл бөле бастайды. Бәсекелестік енді "Қай банк бөліп төлеуді ұзағырақ мерзімге береді?" деген сұрақтан "Қай компания тиімді баға мен сапалы тауар ұсынады?" деген бағытқа ауысуы мүмкін.

Мұндай өзгерістер қаржы секторындағы инновациялардың дамуына да ықпал етуі ықтимал. Мысалы, клиенттердің нақты төлем қабілетін дәлірек бағалайтын скоринг жүйелері, жауапты несие беру модельдері, икемді төлем кестелері, цифрлық қаржылық кеңес беру сервистері, сондай-ақ жинақ пен несиені ұштастыратын жаңа өнімдер пайда болуы мүмкін. Яғни қаржы ұйымдары енді несиені мүмкіндігінше көп беруге емес, сапалы әрі қайтарылу ықтималдығы жоғары несие ұсынуға көбірек мән береді», – деді Бауыржан Ысқақ.

Бауыржан Ысқақ
Бауыржан Ысқақ, Facebook-тағы парақшасынан

Экономистен бизнестің дамуына кедергі келтірмей, халықтың қарыз жүктемесін бақылауда ұстаудың неғұрлым «жұмсақ» жолдарын сұрадық. Маман халықаралық тәжірибеден «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» тиімді мысалдар келтірді. Оның айтуынша, дамыған елдер бөліп төлеу жүйесіне толық тыйым салмайды. Керісінше, оны жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға басымдық береді. Қазақстан үшін де ең тиімді жол – бизнес пен тұтынушы мүдделері  арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын реттеу тетігін енгізу.

«Қазақстан үшін ең тиімді жол – толық шектеу емес, теңгерімді реттеу. Мысалы, азаматтардың ай сайынғы борыштық жүктемесіне шек қою, табысы расталмаған адамдарға тәуекелі жоғары қаржы өнімдерін ұсынуды шектеу, барлық бөліп төлеу мәмілесін кредиттік бюро арқылы тексеру, қаржылық сауаттылықты арттыру және тәуекелі төмен клиенттер үшін жеңілдетілген талаптарды сақтау жолдарын қарастыруға болады.

Ең бастысы, реттеудің мақсаты сауданы тежеу емес, халықтың шамадан тыс қарызға батуына жол бермеу болуы тиіс».

Қорытындылай айтқанда, осы екі мақсаттың арасындағы тепе-теңдік сақталса, бизнес те дамып, қаржы жүйесі де тұрақты болады. Ең бастысы – қазақстандық отбасылар шамадан тыс қарызға батудан қорғалады.

Қазір оқып жатыр

Алматы және Алматы облысында электр энергиясы тарифін 8,3%-ға көтеру ұсынылды

тариф

Әбілқасымованы отставкаға жіберу туралы петицияға агенттік жауап берді

Мадина Абылкасымова

Таиландтан сәлемдеме алып жүрген алматылық жігіт 16 жылға сотталды

есірткі бизнесі

Ресейде кәмелетке толған азаматтарға әке-шешесін ата-ана құқығынан айыруға рұқсат етілмек

заң