Рахымбаевтың «бақытсыз» мекені. «Binom» мектептері бойынша Есеп комитетінің НЕГЕ сұрағы көп?
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «BI Group» холдингіне кіретін «BINOM EDUCATION» фирмасы салып жатқан мектептерге қатысты аудиторлық тексерістер қортындысы шықты. Одан біз олигарх Айдын Рахымбаевтың мемлекеттік қаржыны жұмсау кезінде жиі қателіктер жіберетінін байқап отырмыз.
Есеп комитетінің аудиторлық қортындысында Нұр-Сұлтандағы әрқайсысы 2000 орындық 6 жалпы білім беретін мектеп салу және пайдалану бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (ГЧП) жобасы сарапталған. Жоба бойынша мемлекеттік инвестициялар көлемі 58,1 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 47,2 миллиард теңге сол мектептердің құрылысына жұмсалмақ.
-
Тақырыпқа орай: «Ол туралы әңгіме көбейіп барады». Айдын Рахымбаев 1 миллиард теңге салықтан НЕГЕ жалтарған?
Есеп комитеті әу бастағы инвестициялық ұсыныстың 37,1 миллиард теңгеге бекітіліп, артынан ол сома 58,1 миллиард теңгеге дейін өсіп кеткеніне назар аударады.
«Бұл Бюджет кодексінің 154-1-бабы 1-тармағының бекітілген инвестициялық ұсыныстың кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткен, әзірленген ЖСҚ-ға сәйкес келмеуі бөлігінде бұзылғанын көрсетеді, бұл өз кезегінде сомасы 21 038,7 млн. теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауға әкеп соқты»
Ал құрылыстың есептік сметалық құны тым қымбаттатып көрсетілген. Яғни бір мектепті жабдықтау нормативі 419 миллион теңге болса, Айдын Рахымбаев сол нормадан 2,7 есе көп – 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсаған.
-
Тақырыпқа орай: Мамин дәуірі аяқталды. Айдын Рахымбаев НЕГЕ тықырши бастады?
Сондай-ақ, жобалаушы «Данайхан Стройтех» ЖШС ұсынған бағаларды Мемлекеттік кірістер комитетінің деректерімен талдау кезінде технологиялық жабдық құнының негізділігін растамайтын фактілер анықталды.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп бойынша Тапсырыс беруші бекіткен жабдықтар тізбесі бойынша 1 535 позицияның 20-сы бойынша «BI Global» ЖШС-ның (мердігер) нақты шығындары мен ЖСҚ бойынша жоспарланған шығыстар арасында 114 млн. теңге сомасына немесе сатып алу фактісінен 47,1%-ға жоғары айырмашылық белгіленген»
Айдын Рахымбаев салған төрт Binom мектебі бойынша нақты және жоспарланған шығындар арасындағы жалпы айырмашылық 456,1 миллион теңгені құрап отыр. Айырмашылықтың барлығы тек Рахымбаевқа пайдалы болып шыққан.
Оның үстіне, осы мектептерді салу барысында BI Group басшысы мемлекеттен 21,5 миллиард теңге субсидия алатын болады. Оның 946 миллион теңгесін мемлекет «BINOM EDUCATION» фирмасына төлеп те үлгерген.