7 Ақпан 18:02

Qazforum: «Интернет сайттары да дәстүрлі баспасөздің кемшілігін көшіріп алды»

Фото:

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан қазақ тілінде онлайн контент жасаушыларының ІV форумында модератор болған Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев "Жаңа медиа ағартушылық функцияны атқаруы керек пе, жоқ па?" деген сауалды ортаға салды. 

Нұр-Сұлтан, NEGE. Ол өз сөзінде жаңа медиада хайп, жалған ақпарат, "атың шықпаса жер өрте" дегенге келетін ақпараттар көп дегенді айтты. "Tarlan.kz" сайтының бас редакторы Нұрғали Нұртай: "Кез келген ақпаратты әуелі қазақ тілінде жариялауды үрдіске айналдырған жөн. Содан кейін орыс тілінде жарық көрсе. Бірақ, бізде керісінше. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ тіліндегі интернет сайттарының көптігінен қорықпау керек. Бұл бәсекелестікті арттырады. Сұранысқа ие болғаны алдыға шығады, қалғаны уақыт ағымына сай кейінге қала береді" дейді. 
Сондай-ақ, Сәкен Балбаев мырза жаңа медиа заңға бағынбайтынын, өз білгенін жазатынын тілге тиек ете келе, сұрақты Nege.kz порталының бас редакторы Ерік Рахымға бағыттады. 
Бұл тұрғыда: Өзім газет журналисімін. 10 жылдан астам уақыт "Жас алаш" газетінде қызмет атқардым. Қазір газеттің таралымы азайды. Себебі, ақпаратта жылдамдық жоқ. Ал сараптама жағынан ұтады.

Қазіргі интернет сайттарының кемшілігі – дәстүрлі баспасөздің кемшілігін көшіріп алды. Мысалы, "Шыңғыс хан қазақ па, моңғол ма?" деген тақырып керек пе? Одан қазақ қоғамының мәселесі шешіле ме? Біз неге қазақ тілінде саяси, экономика тақырыбында сараптама бермейміз? Неге талдау жарияламаймыз? Сонда ғана сайтыңызды адам іздеп оқиды. Айталық, Nege.kz порталының ашылғанына екі жарым ай болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, көп уақыт емес. Бағасын оқырман бере жатыр. Біз неден ұтамыз? Айталық, екі ақпарат бердік, оның бірі – әншіні зорлап кетпекші болды", екіншісі – "Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасы бар ма, жоқ па?" деген тақырыпта. Қайсысы көп оқылды?

Әрине, біріншісін 5 мың адам, екінші салмақты мақалын 500 адам оқыды. Бірақ біз 500 адамға көңіл бөлеміз. Біз осы сапалы оқырманға жұмыс істеуіміз керек", – деді Nege.kz порталының бас редакторы Ерік Рахым. 

Тегтер: