USD
USD
USD

Qamalladin University-дің швейцариялық серіктесі туралы не белгілі?

Qamalladin University жобасының швейцариялық серіктесіне қатысты күмән көп. Бұл мәселені Shishkin_like жобасы жан-жақты зерттеген.

.
Фото: Pixabay.com

Астана, NEGE. Жарнамалық материалдарда студенттер екі жыл оқығаннан кейін екі диплом алады деп көрсетілген: бірі – Qamalladin University-ден, екіншісі – Швейцариядағы SITE (Swiss Institute for Technology and Economics) ұйымынан берілетін еуропалық үлгідегі диплом. Сонымен қатар бұл дипломдар Қазақстанда мойындалатыны айтылған.

Айта кету керек, Швейцарияда жоғары білім екі бағытта беріледі: мемлекеттік университеттерде және жекеменшік институттарда. Жекеменшік оқу орындары «университет» немесе «институт» атауын қолдана алады және өз дипломдарын береді. Алайда олардың барлығы бірдей мемлекеттік деңгейде аккредиттелмеген.

Тек мемлекет тарапынан аккредиттелген (Swiss Federal Accreditation) оқу орындарының дипломдары толыққанды мойындалатын болып есептеледі. Ал жекеменшік мектептердің дипломдары көбіне академиялық емес, «кәсіби» (vocational) ретінде қарастырылады.

«SITE (Swiss Institute for Technology and Economics) ұйымына қатысты айтсақ, ол Швейцариядағы аккредиттелген жоғары оқу орындарының ашық тізімдерінде (Swissuniversities, Swiss Accreditation Council) кездеспейді. Сондықтан бұл ұйым білім беру қызметін жүргізетін жекеменшік құрылым болуы мүмкін. Бірақ оның дипломдары мемлекеттік академиялық дәрежелерге теңестірілмеуі ықтимал», – делінген материалда.

Аккредитациядан өтпеген жекеменшік институттардың дипломдары әрі қарай оқуға (мысалы, магистратураға) түсуге кепілдік бермейді. Сонымен қатар мұндай диплом иелері жоғары білім талап етілетін елдерде (мысалы, ЕО-ның «Көк картасын» алу кезінде) жұмыс визасын рәсімдеуде қиындықтарға тап болуы мүмкін. Дипломның мойындалуы көбіне жұмыс берушіге және сол елдің реттеуші органдарына байланысты.

Айта кету керек, швейцариялықтардың өздері де білім беру саласында «швейцар сапасы» атауының орынсыз қолданылуына алаңдаулы. Мысалы, Geneva Observer басылымында жарияланған мақалада:

«Көптеген адамдар бағдарламаларға жазылып, оқу ақысын төлеп, өз кредиттерін Джорджтаун университеті сияқты оқу орындарына ауыстыра аламыз деп сенген. Алайда кейін олардың дипломдары ресми академиялық ортада заңды күшке ие емес екені белгілі болды», – деп жазылған.

Qamalladin University-дің құрылтайшылары туралы не белгілі?

«Qamalladin University» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі директоры – 30 жастағы Диана Камаладин. 2022 жылы ол жұбайы Абылайхан Камаладинмен бірге Forbes.kz нұсқасы бойынша «30 жасқа дейінгі перспективалы қазақстандықтар» рейтингіне енген.

Еске салайық, Qamalladin University абитуриенттерге небәрі екі жылда бакалавр дәрежесін алу мүмкіндігін ұсынып отыр. Алайда бұл ұйым Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінен лицензия алмаған. 

Қазір оқып жатыр

Астанада күзге дейін бірнеше көшеде қозғалыс шектеледі

Астана

МӘМС қаржысын жымқыру бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған

Тоқаев, Элиманов

Новороссийск портына шабуыл жасалды: Қазақстан мұнай экспортына зиян келді ме?

Мұнай тасымалы

Алматыда көлік қозғалысын жасырын патрульдер бақылайды

патрульдеу