«Qala Qyzmet» биыл қанша елордалыққа қызмет көрсетті?
Жыл басынан бері «Qala Qyzmet» арқылы елордада 90 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетілген. Астанадағы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Асқар Тақсымов осылай деді.
Астана, NEGE. «Qala Qyzmet» – елордалықтарды әкімдікпен және коммуналдық қызметтер саласындағы мекемелермен өзара тығыз байланыстырып отырған жоба. Бұл қосымша арқылы астаналықтар жылу, су, электр энергиясы, уақытылы шығарылмаған қоқыс сынды туындаған коммуналдық мәселелер бойынша шағым жолдауға мүмкіндік алған. Жоба осылайша, өңір дамуына септігін тигізіп келеді.
Мәселен, айта кететін болсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының да басты мақсаты – базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру болатын.
Аталған қосымшаның арқасында атқарылған қызметке есеп берген Тақсымов «2019 жылдың жарты жылдығында 3 701 қызмет, 2020 жылы – 69 560, 2021 жылы – 148 586, 2022 жылы 170 мыңнан астам қызмет, 2023 жылы 90 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Бүгінде біздің орталық жеке және заңды тұлғаларға түрлі ұйымдар бойынша 146 қызмет ұсынады. Сондай-ақ аудан әкімдіктеріндегі «Qala Qyzmet» фронт-кеңселеріне айына 2000-2500 адам келеді. Портал айына 17 000 - 20 000 адамға қызмет көрсетеді», – деді.
Биылғы жылдан бастап халыққа коммуналдық қызмет көрсету саласындағы жұмыстарды оңтайландыру мақсатында «iKOMEK» орталығы мен «Qala Qyzmet» жобасы біріктірілген болатын.