24 Наурыз 17:32
...

«Путиннің көзін жою операциясы». Миллиардер Машкевич жау шақырушы ма?

Фото:

Кешелі бері Украинаның жетекші бұқаралық ақпарат құралдары қазақстандық миллиардер Александр Машкевич пен ресейлік олигарх Петр Авеннің кездесуін қызу талқылап жатыр. Кездесуде бұлар нені сөз етті?

Украина Қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының мәліметінше, Машкевич пен Авен Мәскеуде құпия кездескен.

Бұл туралы Барлау басқармасы фейсбуктегі парақшасында былай деп жазды: «Ресейлік олигарх Петр Авен мен қазақ миллиардері Александр Машкевич Мәскеуде кездесті. Кездесуде Авен ресейлік олигархтардың Путиннің жүргізіп отырған саясатына қатты наразы екенін айтқан. Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге және жекелеген бизнесмендерге салынған санкция ресейлік миллиардерлерді ұрымтал тұстан қатты соққан.

Коллаж: Украина Қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасы.
 

Сондай-ақ екеудің кездесуінде ресейлік ірі бизнес өкілдерінің диктаторға және оның айналасындағы күштік құрылымға ықпал ететін жол іздеп жатқаны сөз болған. Алайда бұл қиынға соғып тұр, өйткені Путин қатаң оқшауланып алған және ешкімді қабылдамайды. Ол бірінші кезекте олигархтарға сенбейді.

Алайда ресейлік ірі бизнес өкілдері радикалды қадамдарға баруға дайын. Тіпті жекелеген олигархтар Путиннің көзін жою үшін ақша төлеу мәселесін талқылауда.

Петр Авен: ресейлік саясаткер және кәсіпкер. «Альфа банк» коммерциялық банкінің президенті. Forbes дерегі бойынша Ресейдің ең бай 200 бизнесменінің тізімінде 30-орында тұр. Активі 5,3 млрд доллар.

Александр Машкевич: Қазақстандық миллиардер, Қырғызстанда туған, Канаданың азаматы, Тель-Авивте тұрады. Forbes дерегі бойынша, оның активі 1,5 млрд доллар».

Фото: exp.kz

Машкевич бұған қатысты іле-шала жауап беріп үлгерді. Жұрт олигархпен байланыстыратын exp.kz сайты Машкевичтің бір ауыз «ақталу сөзін» жариялады.

«Мен Петр Авенмен кездескен жоқпын. Біз соңғы рет бірнеше ай бұрын жүздестік», – депті миллиардер.

Машкевич Авенмен байланысы бар екенін жасыра алмаған сияқты, оған себеп таппаса керек, сірә.

Алайда Қазақстан билігін мына мәселе алаңдатуға тиісті сияқты: ресейлік олигархтардың «Путиннің көзін жою операциясын» ойластырып жатқаны шындық болған күнде де, бұл жерде «қазақ миллиардері» (Украинаның барлау қызметі осылай деп жазды – ред.) Машкевичтің не шаруасы бар?

Бұл Қазақстанды ақпараттық соғысқа мәжбүрлеп тарту әрекеті болуы да ғажап емес. Алайда Машкевичтің «жүрген жеріне шөп шықпайтынын» ескерсек, оның мұндай аса қауіпті шатаққа Қазақстанды да ұрындырып кетуі әбден мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Тегтер: