12 Наурыз 16:40
...

Путинді тұтқындауға пәрмен берген судья Халықаралық қылмыстық соттың төрайымы болды

Томоко Аканэ
Фото: ғаламтордан

Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген судья Томоко Аканэ Халықаралық қылмыстық соттың төрайымы болды, деп хабарлады Азаттық радиосы.

Алматы, NEGE. Ол ХҚС-ны енді үш жыл басқарады.

"Халықаралық қылмыстық сот төрайымы лауазымына әріптес-судьялардың мені таңдауы — мен үшін зор мәртебе. Сот үшін осындай алмағайып кезеңде тұрақты, ынтымақтастыққа негізделген және біртұтас басшылық керек", – деді Аканэ.

Ол сот органдары арасындағы диалогты дамытуға, ХҚС-ға қатысушы елдер және Рим статутына қол қоймаған мемлекеттермен диалогты нығайтуға назар аударуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Дүйсенбіде Томоко Аканэнің (Жапония) орынбасарлары — Розарио Айтала (Италия) мен Рейн Алапини-Гансу (Бенин) сайланды.

– 2023 жылы наурызда ХҚС Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы тұтқындауға пәрмен берген. Халықаралық қылмыстық сот екеуін Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған.

– Бірнеше күннен кейін Ресей тергеу комитеті ордер берген прокурор мен ХҚС-ның үш судьясына қарсы қылмыстық іс қозғаған. Томоко Аканэ мен Розарио Айтала ордерге қол қойған судьялар қатарында болған.

– 2023 жылы мамырда Ресей тергеу комитеті Розарио Айталаға "кінәсіз екендігін біле тұра, адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту" және "президентке шабуылдауға дайындалу" баптары бойынша сырттай айып тақты.Кейін ХҚС прокуроры Карим Ахмад Хан сияқты оған да іздеу жариялаған.

– 2023 жылы шілдеде Ресей ішкі істер министрлігі ХҚС судьясы Томоко Аканэге іздеу жариялаған.