15 Наурыз 18:41
...

Путин экономикасы. Ресей НЕГЕ КСРО бола алмайды?

Фото:

Ресей КСРО кезіндегідей жоспарлы экономикаға орала алмайды. Оның болашақ экономикалық форматына «санкция жағдайындағы тоталитарлық мемлекеттік капитализм» деген анықтама беруге болады.

Экономикадағы «орыс драмасының» шарықтау шегін биылғы жылдың аяғында көруіміз мүмкін. IIF сарапшыларының болжамы бойынша, жылдың соңында Ресей экономикасы 30% жоғалтпақ. Бірақ «белгісіздік синдромы» белең алып тұрғандықтан, ертең нақты не боларын ешкім болжай алмай отыр.     

«Менің ойымша, кесіп нақты айтуға әлі ерте. Бізге толық мәліметтер белгілі емес. Қазір тек арагідік детальдарын сипаттауға болады. Ол ары қарай нақтыланып, артынан ғана толық көрінісін көретін боламыз», – дейді TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев.

Сарапшылардың сөзінше, Ресей КСРО сияқты жоспарлы экономикаға қайта орала алмайды. Оның орнына жабайы мемлекеттік капитализм, және оның ең нашар түрі орнайтын болады. «Негізі Ресей соңғы 10 жыл бойы осыған келе жатты», – деп жалғастырады Арман Бейсембаев.

«Менің ойымша, жағдай нашарлауын тоқтатпаса, салалық санкциялар күшейіп, Ресей экономикасына қысым артса, жыл соңына қарай, жалпы ішкі өнімнің 10-15% шегінде төмендеуін күтуге болады. Қазір түрлі варианттар айтылуда. Халықаралық бағалаулар бойынша, экономиканың ең жеңіл құлауы минус 6-8%, ал жағдай ушықса құлдырау минус 30-35% дейін баруы мүмкін. Менің ұстанымым, ол минус 10-15% диапазонында болады»

Бірақ Ресейдің өз ішінде жоспарлы экономика туралы әңгімелер айтыла бастады. «Справедливая Россия » партиясының төрағасы Сергей Миронов ел экономикасын басқаруға жоспарлы экономика элементтерін енгізу қажет деп мәлімдеген.

2030 жылы Ресей Африкада елдерімен қатар, әлемдегі ең кедей мемлекеттердің біріне айналуы мүмкін. Фото: yarnovosti.com

Миронов Ресейге қарсы экономикалық соғыстың басталғанын тілге тиек етіп, онда жеңу үшін қатаң және шешуші шаралар қабылдауды сұрап отыр.

«Бүгінгі таңда әртүрлі салалардағы көптеген кәсіпорындар санкцияларға байланысты өндіріс пен маркетингте қиындықтарға тап болып, тоқтап қалуы мүмкін. Жоспарлы негізде дефицитке ұшырайтын өнімдер мен тауарлардың барлық ассортиментін талдау қажет»

Бірақ жоспарлы экономиканың дефицит тудырып, Ресейді түпкілікті ыдыратынын популистер түсінбей жүрген сияқты. Және нарық экономикасында өмір сүріп, импортқа үйренген халықтың жоспарлы экономикаға қайтуға көне қоюы екіталай.

Тегтер: