Путин Украинадағы соғысты тоқтатуда екі шартты атады
Ресей президенті Владимир Путин Украинамен бейбіт келіссөздерді бастаудың екі негізгі шартты атады.
Алматы, NEGE. Украин әскерін Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының аумағынан шығару, сондай-ақ Киевтің НАТО-ға кіруден бас тартуы. Мәлімдеме Ресей шақырылмаған Швейцарияда бейбітшілік саммитінің басталу қарсаңында айтылды. Киев Путиннің ұсынысы орындалмайтынын жариялады.
– Киев (Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының аумақтарынан) әскерді шығаруға дайын екенін және нақты шығарыла бастайтынын мәлімдегеннен кейін және НАТО-ға кіруден бас тарту туралы мәлімдегеннен кейін, біз дереу атысты тоқтатып, келіссөздерді бастаймыз, – деді Путин СІМ басшылығымен кездесуде сөйлеген сөзінде.
Сонымен бірге, Путин украин әскері осы аймақтардың аумақтарын толығымен тастап кетуі керек екенін ерекше атап өткен.
Путин қақтығысты тоқтату үшін өзінің шарттарын сенбіде Швейцарияның Бюргенстокта басталатын, Украина ұйымдастырған Бейбітшілік саммиті қарсаңында айтты.
Украинадағы Азаттық радиосы қызметінің мәліметі бойынша саммитке 78 ел мен ұйым қатысады. Оған Ресей өкілдері шақырылған жоқ. Сонымен қатар, Қытай, Бразилия және Сауд Арабиясы кездесуге қатысудан бас тартты.
Киев Путиннің ұсыныстары орындалмайтынын мәлім етті. Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк мұндай шарттар "агрессордың стандартты жиынтығы" деп атады.