26 Мамыр 12:49
...

«Путин ақылынан адасты» – Трамп Ресейдің Украинаны атқылауына қатысты пікір білдірді

Путин мен Трамп
Фото: ғаламтордан

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға жасаған соққыларына қатысты пікір білдірді. Трамптың айтуынша, Ресей президенті «есінен адасқан». Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Алматы, NEGE. 25 мамыр, жексенбі күні кешке Трамп Украина тарапынан Ресейге бағытталған дрон шабуылы мен Мәскеудің қарымта соққыларына қатысты пікір білдіруді жөн көрді. Оның айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин «есінен адасқан», өйткені Мәскеу бұрын-соңды болмаған әрекетке барып, Украина қалаларына соққы жасай бастады.

АҚШ басшысы Мәскеуді жаңа санкциялармен қорқытты. 

«Мен Ресей президенті Владимир Путинмен әрдайым өте жақсы қарым-қатынаста едім, бірақ қазір онымен бірдеңе болған сияқты. Ол мүлде есінен адасты! Ол бекерден-бекер көптеген адамды өлтіріп жатыр. Мен бұл жерде тек сарбаздар жайлы айтып отырған жоқпын. Зымырандар мен дрондар Украина қалаларын себепсіз атқылауда. Менің айтпағым, ол Украинаның тек бір бөлігін ғана емес, бүкіл Украинаны қалап отыр», – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамптың айтуынша, егер Путин Украинаны түгел жаулап алуға әрекет етсе, онда бұл «Ресейдің құлауына» әкеп соғады. Сонымен қатар, Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге қатысты да пікір білдірді:

«Сонымен қатар, Зеленскийдің қазір айтып жүрген әрбір сөзі еліне пайда әкелмейді. Оның айтқан сөздері қиындық туғызып отыр. Маған бұл ұнамайды және мұның тоқтағаны дұрыс болар еді. Егер мен президент болғанда, бұл соғыс ешқашан басталмас еді. Бұл – Зеленский, Путин және Байден соғысы, «Трамптың» соғысы емес», – деді ол.

2025 жылдың 25 мамырында Киев пен Украинаның басқа да бірнеше аймақтарына жүздеген дрон мен зымырандар жасаған соққылардың нәтижесінде 12 адам қаза тапты. Олардың арасында бір отбасының үш баласы бар. Одан бөлек, ондаған адам жарақат алды.

Украина әскерінің мәліметінше, Киевті қоса алғанда, шамамен 30 қала мен елді мекенге 367 дрон мен зымыран атылған.