18 Мамыр 08:28

Пуэрто-Рико АҚШ-тың 51-штаты болуы мүмкін бе?

Фото:

Бұл сұрақтың жауабы биыл қарашада белгілі болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24». Осы кезде елде референдум өтеді деп жоспарланған.

Алматы, NEGE. Халық өз пікірін білдіргеннен кейін АҚШ Конгресі соңғы әрі нақты шешімді шығаруы тиіс. Пуэрто-Рико – АҚШ-тың басқаруындағы арал. Десе де оның ажырамас бөлігі саналмайды. Пуэрто-Рико халқына 1917 жылдан бері АҚШ азаматтығы беріледі. Аралдың өзін-өзі басқару жүйесі мен өз конституциясы бар. Ал жоғарғы билік АҚШ Конгресінің қолында. Жергілікті халықтың көбі бұл жағдаймен келіспейді. Өйткені жұрт АҚШ-тың президенттік сайлауына қатыса алмайды. Оның үстіне аралдың Конгрестегі жалғыз ғана өкілінің құқығы шектеулі. Сондықтан халық АҚШ-тың құрамына 51-штат ретінде кіруге ниетті. Мұның бір пайдасы – экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік туады. Осы ретте Пуэрто-Рико губернаторы 2020 жылдың 3 қарашасында тиісті мәселе бойынша референдум өткізу туралы заң жобасына қол қойды. Негізі, осыған ұқсас референдумдар бірнеше мәрте өткен. Соңғысы 2017 жылы болды. Ол кезде бұрынғы губернатор халыққа АҚШ-тың субъектісі боламыз деп уәде берген. Сөйтіп, дауыс беруге қатысқандардың 97 проценті мұны қолдаған. Алайда Конгрестегілер кедейлік және жұмыссыздық деңгейі өршіп тұрған аралды қабылдаудан бас тартты. Енді былтыр жазда билікке келген жаңа губернатор жағдайды өзгертетін уақыт келді деп отыр. Пуэрто-Рико губернаторы Ванда Васкес Гарсед: "Пуэрто-Рикода тұратын 3 миллион 200 мың америкалық кезектің соңында болудан шаршады. Бәрімізге бірдей теңдік берілуі тиіс. Бәрін өзгертетін уақыт жетті! Қарашадағы референдум біраз мәселенің бетін қайырмақ", - деді.

Бір айта кетерлігі, 2012 жылғы дауыс беру қорытындысы бойынша Пуэрто-Риконы АҚШ құрамына қабылдауға республикалық партия қарсы болған еді. Енді Дональд Трамп бастаған республикашылдардың бұл жолы қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Трамп мырзаның өзі де бұған қатысты әлі мәлімдеме жасаған жоқ.    

Тегтер: