Қаржы
Процентін ала салшы. «Отбасы банк» НЕГЕ мемлекетке 65,7 миллиард теңге пайданың тек 32 миллиардын берді?
«Бәйтерек» холдингіне қарасты «Отбасы банк» акционерлік қоғамының 2021 жылдың қортындысы бойынша таза пайдасы 65,7 миллиард теңгені құрап, ал үлестірілмеген кірісі 174 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінен, банк дивиденд түрінде мемлекетке небәрі 32,1 миллиард теңге беріп отыр.
Бұл жерде ең қызығы – «Отбасы банк» мемлекеттік субсидияларды айналдырып, содан процент түрінде 32,3 миллиард теңге кіріс көрген. Яғни, мемлекет берген ақшадан процент түсіріп, сол процентті мемлекетке қайтарып бере салғаны көрініп тұр.
"Отбасы банк" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PWC
2020 жылы «Отбасы банк» әкімшілік шығындарының 1,5 миллиард теңгеге артып кеткенін жазған болатынбыз. Банк енді одан да асып түсті. Бір жылдың ішінде банктің әкімшілік шығындары 3,5 миллиард теңгеге көбейіп кеткен. Яғни, 2020 жылы 18,6 миллиард теңге жаратса, 2021 жылы 22,1 миллиард теңге шығындаған.
Әкімшілік шығындардың құрылымына қарап, іссапарға жұмсалатын қаржының екі есе өскенін көреміз. Пандемия болған 2020 жылы «Отбасы банк» іссапарларға 74 миллион теңге құртса, 2021 жылы 140 миллион теңге кеткен. Жарнама мен маркетинг шығындары 200 миллионға қымбаттап, 320 миллион теңгеден 538 миллион теңгеге бірден секірген.
"Отбасы банк" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PWC
Банк 2021 жылы 65 миллиард теңге таза пайда тапқан. Сол уақытта мемлекеттен 221 миллиард теңге субсидия алған. Банк өзінде депозит ұстап отырған халықтың ақшасы, мемлекеттің ақшасы бар, бәрін қосып Ұлттық банк ноталарына, РЕПО операцияларына, басқа қаржылық ұйымдарға салып, содан проценттік кіріс алады. 2021 жылдың аяғында банк 592 миллиард теңгені Ұлттық банк және басқа да қаржылық ұйымдарда ұстап отырған.
"Отбасы банк" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PWC
«Отбасы банк» басшылығына жалақы мен премия түрінде 2021 жылы 379 миллион теңге төленген. Басқарма мүшелері шамамен 5 адамнан құралатынын ескерсек, әрқайсысына орта есеппен айына 6 миллион теңгеден келіп отырды.
Басшылықтың өз банкінен ипотекалық кредит алғанды ұнататынын да байқаймыз. 2021 жылдың басында олардың өз банкінде 365 миллион теңге кредиті болған. «Отбасы банк» басқарма мүшелеріне мемлекеттік бағдарламаға қатысуға болмайтындықтан, банктің коммерциялық аралық заемдарын пайдаланған.
Бұл ретте, субсидияланбаған кредит болғандықтан, олардың да ел қатарлы ипотека алуға Қазақстан азаматы ретінде толық құқығы бар екенін ескеру керек.