Әбдірайымовтың үйі өртенді, Қарақат пен Қыдырәлі тағы некесін қиды... – Шоу-бизнес жаңалықтары
Концерт пен тойдың арасында жүгірістеп жүретін әртістер арасында түрлі жаңалық бар. Бірі шетелде өнер көрсетіп келсе, бірі тіршіліктің қамымен жүр. Тілшіміз солардың бірқатарын тізбектеп көрді.
Қыдырәлі мен Қарақат 25 жылдық Күміс тойларын атап өтті. Әріптестерінің басын қосып, дүркіретіп той жасаған сахнадағы жұп ностальгия стилін таңдаған. Олар тіпті кезінде некелерін қиған Лесбай атты қажыға дейін шақырып, неке жаңғырту рәсімін орындаған. Қарақат салтанатты кеш өтетін мейрамханаға қалыңдық көйлегін, ал Қыдырәлі жастық шағын еске ала ақ кәстөм-шалбар киіп келді. Бейнежазбана тіпті олардың бір-біріне неке жүзігін тағынып жатқанын да көруге болады. Ал кішкентай қыздары куәгер болған.
Тойда тосынсый есебінде Қыдырәлі Раимның Еркеге арнаған әнін Қарақатқа қарата шырқады. Осы орайда ол «Раим мен Еркеге шексіз бақыт тілейміз. Күміс той сендерге де жұғысты болсын!» деп ақжарма тілегін білдірді.
Диапазоны ерек Маржан Арапбаева Қытайға сапарлап келді. Әншінің жолы Суджоу қаласына түскен. Отандастарына желі арқылы сәлем жолдаған ол: «Қытай еліндегі үлкен компания президентінің шақырутымен Халықаралық конференцияда өнер көрсеттім. Сонымен қатар сол конференцияның қонақтарына арнайы дайындалған мерекелік кешкі аста ән айтамын. Атмосфера бөлек», – деді.
Маржанның қазақ тіліндегі әнге қытайлықтарды шыр айналдыра билеткенін көрген жұрттың бірі «Жақсы айтады. Қазір осы мемлекеттік деңгейде Маржан Арапбаевадан басқа әнші жоқ сияқты» десе, ендібіреулер «Қайрат Түнтеков бар. Бірақ оны көрмейді ғой, көруге тиіс адамдар» деп қайырды.
Ал Айгүл Иманбаева Шотландияның Эдинбург қаласына ұшып барды. Ұлы Асылжан Әбдімүтәлі түсіріп жатқан туындының бас продюсері саналатын өнер иесі шығарылымның ойдағыдай жарыққа шығуына барын салып жатқан көрінеді.
«Көке» фильмінің бір сахнасын дәл осы Эдинбург қаласында барда түсіріп жатырмыз» деді ол. Актриса сондай-ақ көзі қырағы көрерменді алда тұсауы кесілетін туындыны тамашалауға шақырды.
Ерғали Әбдірайымов Алматы облысы, Талғар ауданының өрт сөндірушілеріне шекіз алғысын жеткізді. Белгілі болғандай, продюсердің үйінен кешқұрым өрт шыққан. Дер кезінде келіп, өртті өшіргеніне риза болғанын жеткізген ол: «Көршіні құдай қосады» дегеннің куәсі болдым. Шелегін алып жүгірген көршілерім, Алла разы болсын!» – деп ағынан жарылды.
Әбдірайымовтың жағдайына қанық болған әріптестері де қарап қалмады. Белгілі әнші Индира Елубаева «Арты қайырлы болып, отбастарыңа құт құйылсын!» десе, композитор Бота Бесенова «Ойбуу, Ереке, Алла жар болсын. Арты қуаныш болсын!» деп тілек білдірді.
Ақбота Нұр көрерменге жаңа образда танылды. Актриса күні кеше отандық арналардың бірінде жарық көрген «Әділ Зере» телехикаясында басты рөлді сомдап шықты. Қылмыс пен жаза, қастандық пен әділдікті баяндайтын драмада ол отыз жастағы адвокатты кейіптейді. Басты кейіпкердің қабілеті ең қиын жағдайлармен бетпе-бет келгенде айшықталады.
Мәселен, оның қорғауындағы Бекжан «танымал әншіні айуандықпен өлтірді» деп айыпталады. Ал нағыз қылмыскер өзінің лауазымы мен билігін пайданалып, жазықсыз адамды кінәлі етіп көрсетуге тырысады. Адвокат қыз осындай сыбайлас жемқорлықпен қарсы күреседі.
Сериалда Нартай Сауданбекұлы, Аслан Жанұзақов және Ғалым Амангелдіұлы және басқа да актерлар ойнайды.