25 Маусым 01:21
...

ПРИГОЖИН «Мәскеуге жорығын» НЕГЕ тоқтатты?

Фото:

Кеше түнде Беларусь президентінің баспасөз қызметі Александр Лукашеноның «Вагнер» жетекшісі Евгений Пригожинді «Мәскеуге жорығын тоқтатуға көндіргенін» хабарлады. 

Осындай хабар тараған соң көп өтпей «Вагнер» ЖӘК-нің жетекшісі Евгений Пригожин өзінің телеграм каналында мәлімдеме жасап, «Мәскеуге жорығын» шынымен тоқтататынын айтты. Бұл шешімі оның жақтастарының бәріне ұнай қоймаған секілді. Өйткені бұған дейін Пригожиннің сөзін сөйлеп келген телеграм каналдар бірден бағытын өзгертіп, оны «болашағы жоқ саясаткер» деп атады.

– «Вагнерді» таратып жібергісі келді. Біз 23 маусымда әділет маршына шықтық. Бір тәулікте Мәскеуден 200 шақырым жерге дейін жеттік. Осы уақыт ішінде жауынгерлеріміздің бір тамшы да қанын төккеміз жоқ. Қазір қан төгілуі мүмкін сәт туды. Сондықтан да барлық жауапкершілікті түсіне отырып, орыстың қаны төгілуі мүмкін екенін ұғынып, біз өз колонналарымызды кері қайтарамыз. Жоспар бойынша бекітілген дала лагеріне ораламыз, – деді Е.Пригожин.

Пригожин Лукашенкомен арада қандай әңгіме болғанын, өзінің жеке басына және жауынгерлеріне қандай кепілдік берілетінін айтқан жоқ. Лукашенконың сөзіне қарағанда, Пригожинмен арадағы келісімде «Вагнер» тобы сарбаздарының «қауіпсіздігіне кепілдік берілген». Ал Пригожиннің жеке бас қауіпсіздігіне қандай кепілдік берілгені белгісіз.

Путин бұрынғы жеке аспазы Пригожинмен. Фото: ғаламтордан 

Пригожиннің әрекетінен соң «қарулы бүлікке шақырды» деген себеппен оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Путин оны «сатқын» деп атаған. Дауға себепші болған Ресей қорғаныс министрі Шойгу мен Бас штаб басшысы Герасимов туралы еш хабар жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, Путин өзінің бұрынғы аспазының әрекетінен қатты қорыққан, сол себепті де Пригожиннің шарттарымен келісуге мәжбүр болған. Енді ол Қорғаныс министрі Шойгу мен Бас штаб басшысы Герасимовты қызметінен босатуы мүмкін. Алайда Путин Пригожинді ешқашан кешірмейді, тездетіп оның көзін жоюға тырысады...

Пригожин әскерін Мәскеу бағытынан кері қайтарып алғанымен, ресейлік БАҚ оны қаралауын тоқтатқан жоқ. «Вагнердің» кеңсесінен миллиондаған доллар қолма-қол ақша, алтын құймалары, есірткіге ұқсас әлдебір ақ ұнтақ және Пригожинге түрі мен аты-жөні ұқсас адамдардың атына жазылған бірнеше паспорт табылған.

 

Айтпақшы, Ресей президенті Владимир Путин А.Лукашенкоға «атқарған жұмысы үшін» рақмет айтыпты. Әрине, әңгіме оның Пригожинді көндіргені турасында екені анық...

Тегтер: