«Президенттің алдында сырғам түсіп қалды...» – Өнер адамдары есте қалған Наурыз туралы айтты
Наурыз мерекесі қарсаңында шоу-бизнес өкілдерінің аяғы жерге тимейтіні анық. Халықты ән мен жырға бөлеген таланттар бір күнде бірнеше өңірде өнер көрсететінін жиі тілге тиек етеді. Осындай қарбаластың қалтарысында түрлі қызықтардың болары сөзсіз. Тілшіміз есте қалған Наурыз мерекесі жайында сауал салып көрді.
Өмірқұл АЙНИЯЗОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Он мың доллар олжа тауып қайттым
– Алдымен барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бүгін Астанада, ертең Қонаевта, одан соң Алматы мен Ақтөбе қаласында деген сияқты әр күні әр қалада өнер көрсетеміз. Негізі биылғы мейрамның жөні бөлек тәрізді. Өйткені Мемлекет басшысы мереке қарсаңында «Ұлттық киім күнін» алға тартып, салт-дәстүрімізді дәріптеп жатыр. Қай жерге барсақ та қазақы киініп, шат-шадыман көңіл-күйде қарсы алған халық.
Есте қалған Наурыз 2013 жылы Ақтау қаласына өтті. Сол жылы көптен күткен үйімді алып, алты мың доллар қарыз болып қалдым. Сөйтіп Қаражамбас өңіріне концерт қойып, ертесі қайтуға жиналғанымызда, агент деген желі арқылы бір жігіттер тойға шақыра қалды. Осылайша қос қуаныштан он мың доллар олжа тауып қайттым. Келе сала әлгі үйдің қарызын жауып, тыныш ұйқтайтын болдым.
Бағдат СӘМЕДИНОВА, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші:
Астанада күн суық...
– Алматы қаласында тұрғанда Наурыз тойын ерекше атап өтетін едік. Бұл мерекені ел болып тойлай бастаған жылы тіптен тамаша еді.
Мәселен, сексенінші жылдардың соңында қаладағы орталық көшелердің бірінен бастап Орталық саябаққа дейін керуен жүріп өтті. Тоқтаған жерде ән-би төгіліп, қала қонақтары мен тұрғындарының арқа-жарқа болғаны бар. Сол кездер естен кетер емес. Одан соң тоқсаныншы жылдары тоқырау уақыт келіп Наурыздың мәнісі болмай қалғаны жасырын емес. Ал қазіргі таңда Астанада тұрып жатырмын. Күннің суықтығына байланысты көшеде көзге түсер көріністер жоқ.
Бұйырса, шақыртуға байланысты биылғы мерекені Қонаев қаласында қарсы аламын.
Әсем КӨПБАЕВА, «Тенгри» тобының солисі, әнші:
Үйге әзер жететінбіз
– Биыл да түрлі шаралараға шақырту түсіп жатыр. Бірақ көп дей алмаймын. Бір кездері концерттен-концертке шапқылап, үйге әрең жететінбіз.
Мысалы қайбір жылы «Тенгри» тобы үш күн қатарынан Түркістан, Шымкент және Алматы қаласында концерт беретін болды. Шымкенттен микроавтобусқа отырып, бірден Алматыға тарттық. Ұйқы қанбаған, қарын тоймаған. Мақсатымыз – межелі уақытта Алматыға жету. Келсек, күн боран, көктемнің лебі сезілмейді. Бірақ уәде Құдайдың екінші аты болған соң, келе сала Арбаттағы сахна төріне көтерілдік. Сол кездегі қарбалас есімнен кетпейді.
Ақерке ТӘЖІБАЕВА, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртісі, қобызшы:
Ақ тер, көк терге түстім
– Осыдан екі жыл бұрын Наурыз тойына орай Шымкент қаласынан шақырту түсті. Қызық қылғанда бір уақытта төрт концерттік жобада өнер көрсетуім керек болды. Бір жерден шығып, екінші жаққа жеткенше, апыл-ғұпыл киінумен болдым. Сөйтіп жүгіріп жүргенімде бір көйлегімнің белбеуі тағылмай, келген көлікте кетіпті. Амалдамасам, түсіп кетуге шақ тұр. Сөйтіп, қысылтаяң шақта көшедегі адамдардан ине-жіп сұрауыма тура келді. Соңында алдымды қолыма ұстаған қобызыммен көлегейлеп сахнаға шықтым.
Тағы бір Наурызда Алматы қаласында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында өнер көрсететін болдым. Анам ырымға салып құлағыма үлкен көзі бар сырғалар тағып қоятын. Композицияның қызығына түсіп кеткенде, әлгі добалдай сырға өзінен-өзі түсіп қалып, қобыздың шегіне ілініп қалмасы бар ма? Қанша сілкісем де, ажырайтын түрі жоқ. Сөйтіп ақ тер-көк терге түсіп, шығарманы орындап шықтым. Сәйкесінше, аспаптың дыбысында діріл пайда болды. Жабысқан сырғаны түсіруге ұмтылып, алай бір, былай бір теңселгенімді көрген жүргізушілер, «қобызды тербеліп ойнау – Ақеркенің стилі» деп жылы жапты. Міне, осындай қызықтар талай болған.
Жалпы Түркітілдес халықтар Наурызды ерекше тойлайтын болғандықтан, мен көп жыл бойы мерекені шетелде өткердім. Қазір отбасым, балаларым болғандықтан жырақтамай, мейрамды елде қарсы алып жүрмін. Наурыз әр отбасына береке-бірлік пен молшылық әкелсін деп тілеймін!