Президент сұхбат берді
«МИР» телеарнасына сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің халықаралық саясатқа қатысты нық ұстанымдары жайында сөз қозғап, Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына қатысты пайымымен бөлісті.
Алматы, NEGE. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әкесі туралы айтып берді. «Әкемнің бала кезінен тағдыры қиын болды. Ерте жетім қалды. Балалар үйінде, содан кейін интернатта тәрбиеленді. Көп уақыт өтпей соғыс басталды. Соғыс ол үшін тағы да батылдық пен төзімділіктің сынағы болды. Ол соғыста көп қиындықты басынан өткерді, оның үрейлі сынағынан өтті. Қорқыныш пен қайғы-қасіретті жеңе білді. Әйтсе де әкем басқа майдангерлер сияқты соғыс туралы, әсіресе өзінің ерлігі мен марапаттары туралы айтуды ұнатпайтын. Өзінің сезімі, жаумен алғаш бетпе-бет келуі, жауынгерлердің ерлігі, батырлығы және Жеңіспен үйге оралуы жайлы өзінің «Солдат соғысқа кетті» атты өмірбаяндық кітабында айтып берді», - деп еске алды әкесін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Ржев түбіндегі қанды шайқаста көз жұмған әкесінің үлкен ағасы Қасым жайында да сыр шертті. Мемлекет басшысы әкесін де, көкесі Қасымды да отбасы болып еске алатынын, бейбіт өмір үшін майданда мәңгі қалған батырлардың бәрі ұмытылмайтынын айтып өтті. «Менің есімім де сол Қасым көкемнің құрметіне қойылған. Менің әкем орны толмас қазасына қабырғасы қайысып, үлкен ағасының рухына құрмет көрсетті. Әкем оны қатты сағынды, барлық хаттар мен фотоларды сақтап, өмір бойы жерленген жері туралы кез-келген ақпаратты табуға тырысты. Кейде әкем ағасының қайта тіріліп келетінінен де үміттенетін сияқты көрінетін маған», - деп қосты Мемлекет басшысы.
Сұхбат барысында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске Қазақстанның қосқан үлесі туралы пікірін білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға соғыстың алғашқы айларында Ресей, Украина, Беларусь аймақтарында оккупацияланған ірі өндірістік кәсіпорындардың бәрі көшірілгендігін еске алады. Қазақстан армияны жарақтандыруда негізгі рөлге ие болғанын да баса айтады. «Майданда атылған он оқтың тоғызы Қазақстан жерінде шығарылды. Майданға 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жібердік. Басқаша айтқанда, жеңіске жету жолында біздің қосқан үлесіміз айқын еді. Қазақстанда театр қайраткерлерінің көбі шығармашылықпен айналыса алды. Кинематографистер мен музыканттар, ақындар мен жазушылар көп болды. Дәл осы елде кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді, Совет одағының танымал мәдениет қайраткерлері театр қойылымдарын қойды. Оның ішінде Сергей Эйзенштейн, Алексей Толстой, Константин Симонов, Сергей Прокофьев, Галина Уланова мен тағы басқа адамдар бар еді. «Александр Невский» атты әйгілі фильм де Алматыда түсірілді», - деді Президент. Президент Қазақстан - Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясындағы посткеңестік кеңістіктегі экономикалық және басқа да байланыстардың нақты жақтасы болып қала беретіндігіне назар аудара келе, интеграцияның классикалық үлгісі бойынша құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың өзге мемлекеттер үшін де тартымды болып келе жатқанын айтты. «Вьетнам, Иран, Сербиямен сауда келісімдері бекітілді. Мысырмен және Үндістанмен дәл осындай келісім орнату мәселелері шешіліп жатыр. Жақында ғана ЕАЭО құрамына бақылаушы ретінде Сингапур енді. Біздің Тұңғыш Президентімізге тиесілі осынау еңбекті ескере келе, Владимир Владимирович Путин Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы атағын берді. Мұны кеңестің барлық мүшесі мақұлдады», - деп атап өтті Президент.