27 Қыркүйек 16:42
...

Президент: Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек

Фото:

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келіп, халықпен кездесті. Шаһарда халықтың әлеуетін арттыруға байланысты болып жатқан оң өзгерістерді атап өтті. 

Шымкент, NEGE. Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, индустриялық аймақтарды жетілдіру үшін  қала экономикасын әртараптандыруға және отандық өнім шығаруға баса мән беріліп жатқанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы қажеттігін атап өтіп, мұнда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуге тиіс екенін айтты.

 – Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі – Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын, – деді Президент.

 Сонымен қатар тұрғын-үй құрылысын жандандыру мәселесіне де назар аударылды.

Биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Соның арқасында 9 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Тұрғын-үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу керек. Ең бастысы, оның бағасы жұртқа қолжетімді болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту мәселесін жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі ретінде атап, қазір Шымкент тұрғындарының үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанына тоқталды.

 – Биыл кемінде 24 мың адамды жұмысқа орналастыру керек. Мен жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту туралы нақты тапсырмамды бердім. Қазір тиісті Заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді әкімдіктер мен мәслихаттардың өкілеттігі біршама кеңейетін болды. Соған сәйкес жауапкершілік те  күшейеді. Мұның бәрі қала экономикасын дамытып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Президент. 

Тегтер: