Президент сайлауын 1000-ға жуық тәуелсіз бақылаушы қадағалайды
Кезектен тыс өткелі отырған Президент сайлауында 1000-ға жуық тәуелсіз бақылаушы саяси науқанның ашық та әділ өтуіне атсалыспақшы.
Алматы, NEGE. «HAQ» қоғамдық қорының атқарушы директоры Тоғжан Қожалы Астана қаласында белсенді, ерікті жастармен және қоғам белсенділерімен кездесіп, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі. Аталған қор 20-қараша күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауына тәуелсіз бақылау жүргізетін бірден бір ұйым. Қор белсенділері мұндай жауапты жүкті биыл төртінші рет арқалап тұр. Тоғжан Қожалының айтуынша, мың шақты азамат еліміздің 11 аймағында сайлау учаскесінде саяси доданы бақылайды.
«Тәуелсіз бақылау – демократиялық қоғам құру үшін керек. Сайлауға тәуелсіз байқаушылар көптеп қатысса, саяси науқан әділ өтеді. Ол үшін әр сайлау учаскесінде 2 байқаушы болу керек. Ел бойынша 12 мыңнан астам сайлау учаскесі бар, сондықтан 20 мыңнан астам байқаушыны жұмылдыруымыз керек, – дейді Тоғжан Қожалы.
Халық сайлаудың әділ өткеніне күмәнданбас үшін «HAQ» қоры бақылаушыларды өзі оқытады. Әр жерде солардан топтар мен штабтар құрып, сайлаудың соңына қарай халыққа, шетел елшіліктеріне, ОБСЕ-ге сайлау қалай өткені туралы есеп бермекші.