Президент Қазақстан халқына ант берді
Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар.
Астана, NEGE. Халқымның сенімі – маған аманат деді Мемлекет басшысы. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біз түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасадық. Конституциялық реформаны жүзеге асырдық. Мемлекетіміздің ең басты салаларын жан-жақты жаңғырттық. Соның арқасында халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті. Мен аймақтарды аралап, тұрғындармен кездескенде бұған айқын көз жеткіздім. Сондай-ақ, өткен референдум тың бастамаларды жұртымыздың жаппай қолдайтынын көрсетті. Халықтың дұрыс бағыттағы өзгеріске ұмтылысы жұмысқа зор серпін берді деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады», – деді.
Мемлекет басшысы ҚР Президентін ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқын бірліке үндеді. «Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым», – деді Президент.
Мемлекет басшысы елдің өзіне артқан сенімін абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
«Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі. Мен президенттік миссиямды халқыммен бірге алдағы жеті жылда абыроймен атқарып шығамын деп сенемін. Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір! Сондықтан әрқашан бірге болайық, ағайын!
Еліміз өсіп-өркендей берсін! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын! Халқымыз жасасын! Халқымыз әрқашан аман болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыз жасасын!», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.